Елімізде "жаппай көкпар" ресми спорт түріне енді

0
217

​Бұл туралы Мәжілісте ұлттық спорт түрлерін дамыту мәселелеріне арналған тақырыптық отырыста сөз сөйлеген Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев айтты.


Елімізде

Фото: argymaq.kz

ERNUR.KZ. Ол сөз арасында ұлттық спорт түрлерін дамытуға бөлінген қаржыға да тоқталып өтті, деп жазады inbusiness.kz.

– Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының бюджеті 2025 жылы 1,2 млрд теңге, ал 2024 жылы 1,6 млрд теңге болды, – деді ол.

Вице-министрдің сөзінше, ұлттық спорт түрлерін дамытуды қолдауды облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктері жүзеге асыруда. Сонымен қатар, ол ұлттық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлініп жатқанын жеткізді.

– Қазіргі уақытта елімізде ұлттық спорттың 11 түрі (асық ату, аударыспақ, бәйге түрлері, дәстүрлі садақ ату, жамбы ату, жекпе-жек, көкпар, қазақ күресі, құсбегілік, теңге ілу, тоғызқұмалақ) ресми тіркеліп, Федерациялар басшылығына белгілі кәсіпкерлер тағайындалып, қарқынды дамытылуда.
Сонымен қатар, 2024 жылы "жаппай көкпар" ойынын ұйымдастыру мен өткізуді бақылау мақсатында Министрлік республикалық спорт федерациясының аккредитациясын алу бойынша жұмысын аяқтады.
Сондай-ақ, "жаппай көкпар" ойыны Қазақстан Республикасының аумағында спорт түрі ретінде танылып ресми түрде спорт түрлерінің тізіліміне кірді, – деп қоса кетті С.Жарасбаев.

Ойын барысында қатысушылардың қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету және туындайтын қауіп-қатерді азайту мақсатында "жаппай көкпар" ұлттық спорт түрінің Ережесі бекітіліп, жергілікті атқарушы органдарға жіберілген.