Еліміздегі үш мұнай өңдеу зауытында бензин мен дизельдің 1,2 млн тонна қоры бар

0
1 787

Наурыз айында үш мұнай өңдеу зауыты тоқтаусыз жұмыс істеген.


Еліміздегі үш мұнай өңдеу зауытында бензин мен дизельдің 1,2 млн тонна қоры бар

ERNUR.KZ. Елімізде мұнай өңдейтін үш зауыт бар. Наурыз айында зауыттарда бензин мен дизельдің 1,2 млн тонна қоры жинақталған, деп жазады inform.kz.

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, наурыз айында үш мұнай өңдеу зауыты тоқтаусыз жұмыс істеген. Соның нәтижесінде елімізде бензин мен дизель отынының рекордтық қоры жинақталған.

«Дизель отыны мен бензин қоры елдің 1,5 айлық тұтыну көлеміне тең, бұл – шамамен 1,2 млн тонна. Қазір 670 мың тонна дизель отыны, 530 мың тонна бензин қоры бар», -деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.

Еліміздегі мұнай өңдеу зауыттары кеңейтілген жөндеуаралық кезеңіне көшіру жоспарланып отыр. Белгілі болғандай, «ҚазМұнайГазға» қарасты мұнай өңдеу зауыттары кеңейтілген жөндеуаралық кезеңге дайындалып жатыр.

«Зауыттар жоспарлы алдын алу жұмыстарына жыл сайын емес, бірнеше жылда бір рет тоқтайтын болады. Әлемдік мұнай өңдеу саласы соңғы онжылдықта кеңейтілген жөндеуаралық кезеңге біртіндеп көшіп жатыр. Өйткені өндіріске жаңа технологиялар енгізілуде. Бұл технологиялар жабдықтың тозу деңгейін бақылауға және профилактикалық диагностика арқылы проблемалық учаскелерді анықтауға мүмкіндік береді. Алайда, күні-түні жұмыс істеп тұрған жабдықтың жөндеу жұмыстарын кейінге қалдыруға немесе мүлдем жүргізбей қоюға болмайтынын ескерген жөн. Үш жылдық кезеңде барлық қондырғы үздіксіз жұмыс істеуі үшін тиісті жағдай жасалуы тиіс», -деп мәлім етті компанияның баспасөз қызметі.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын «ҚазМұнайГаз» басқарма төрағасының орынбасары Атырау және Павлодар мұнай өңдеу зауыттары жекешелендірілмейтінін айтқан еді.