Еліміздің құсбегілері Берік Уәлиге қыран сыйлады

0
667

Бүгін елорда маңындағы Софиевка ауылында Күнтуған Тоқтыбайұлы атындағы дәстүрлі құсбегілер турнирі басталды.


Еліміздің құсбегілері Берік Уәлиге қыран сыйлады

ERNUR.KZ. Еліміздің бүркітшілері Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз хатшысы, Құсбегілік федерациясының басшысы Берік Уәлиге қыран бүркіт сыйлады, деп жазады baq.kz.

Бүгін елорда маңындағы Софиевка ауылында Күнтуған Тоқтыбайұлы атындағы дәстүрлі құсбегілер турнирі басталды. Осы турнирдің ашылу салтанатына келген Құсбегілер федерациясының жақында сайланған президенті Берік Уәлиге жарысқа қатысушы саятшылар Жетісудың қыранын сыйлады.

Бұл бүркіт Жетісу өңірінен түлеп ұшса да, Атырау, Маңғыстау, Үстірттің тәрбиесін көрген. Нағыз жазық жердің, Сарыарқаның сайын даласына бейімделген құс. Бұны еліміздің құсбегілерінің өзіңізге деген ыстық ықыласы деп қабыл алыңыз – деді ардагер құсбегі Бағдат Мүптекеқызы қыранды тапсырып тұрып.

Федерация басшысы мұндай тосынсыйды күтпегенін айтады.

Пейілдеріңізге рахмет! Мұндай сыйды күткен жоқпын сіздерден! Ата-бабамыз үйіне келген мейманына да ат мінгізіп, шапан жапса да, босағасындағы қыранды тек көңілі түсіп, көкірегі сенген жанға ғана сыйлаған. Бұл сыйлықтарыңыз маған үлкен жауапкершілік жүктеді. Сенімдеріңізді ақтауға тырысамын – деді Берік Уәли.


Екі күнге жалғасатын айтулы саятшылыққа еліміздің барлық өңірінен 30-ға жуық бүркіт, 10-нан астам қаршыға, ителгі, сұңқар келген.