Эльмира Суханбердиеваға қандай айыптар тағылып отыр

0
1 042

Сот санкциясымен Білім және ғылым вице-министріне қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қабылданды.


Эльмира Суханбердиеваға қандай айыптар тағылып отыр

ERNUR.KZ. ҚР Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиеваның үстінен бірнеше факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл туралы бүгін ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Жанна Бастарова айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бюросымен Білім және ғылым вице-министріне қатысты лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану, пара алу, кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласу фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Сот санкциясымен Білім және ғылым вице-министріне қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қабылданды. Тергеу жалғасуда. Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық процестік кодексінің 201 бабына сәйкес жария етуге жатпайды. Күдіктіге қатысты түпкілікті шешім оның кінәсінің дәрежесін анықтаумен сотпен шығарылады", - деді Жанна Бастарова.

Оның дерегінше, Эльмира Суханбердиеваға ҚР Қылмыстық кодекстің 361, 364 және 366 баптары бойынша айып тағылған.

Айта кетейік, бүгін Нұр-Сұлтан қалалық сотының баспасөз қызметі ҚР Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиеваның 2 айға қамауға алынғанын растаған болатын.

Бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы Білім және ғылым вице-министріне қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын басталғандығын хабарлаған еді.