"Жалпы бір портретті жасауға шамамен 600 кубик рубик қажет және жұмыс 4-5 сағатты талап етеді".
ERNUR.KZ. Астаналық студент Тынысбек Бөпіштай шығармашылық өнерге бала күнінен жақын болған. Түрлі шараларға қатысып, домбыра тартудан бөлек, кубик рубик құрастыруды ұнатады. Бүгінде жас өнерпаз оны кәсіби түрде қолға алып, қолөнер игілігіне жаратуда, деп жазады ҚазАқпарат.
«Мен елордадағы Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде көліктік техникалар және технологиялар мамандығының 4 курс студентімін. Өзім Түркістан облысының тумасымын. Жалпы өнерге, шығамашылыққа бала күнімнен жақын болдым. Мектептің өзінде түрлі байқау, жарыстарға қатысып, бар өнерімді ортаға салатынмын. Оның ішінде ән айту, көріністерге қатысу, домбыра тарту бар. Сонымен қатар кубик рубикке деген қызығушылығым да сол кезде басталды. Оқушы күнімде кубик рубикті түс-түсімен реттеп және жылдам құрағанды ұнататынмын. Уақыт өте келе бұл сүйікті ісіме айналды. Кейін адамдардың портретін жасау идеясы келді», - деді Т. Бөпіштай.
Жас өнерпаз кубик рубиктен алғаш рет сүйікті қызының портретін жасаған.
«Кубик рубиктен сүйіктімнің портретін жасау сәтін видеоға түсіріп, оны әлеуметтік желіге салғанмын. Содан көптеген адамдар видеоға қатысты пікір білдіріп, «лайк» басып, әлеуметтік желіде кең таралды. Бұл мен үшін күтпеген жағдай болды және мені шабыттандыра түсті. Бүгінде 3 портреттік жұмысым бар. Алдағы уақытта елімізге және әлемге танымал тұлғалардың портретін жасауға бел будым. Соның алғашқысы жуырда ғана дүние салған даңқты спортшы ағамыз Жақсылық Үшкемпіровтің портретін жасап шығардым», - дейді ол.
Сондай-ақ, қолөнер шебері алдағы уақытта ұлы Абайдың бейнесін жасау жоспарында барын айтып өтті.
«Жалпы бір портретті жасауға шамамен 600 кубик рубик қажет және жұмыс 4-5 сағатты талап етеді. Әлеуметтік желіде жұмыс барысы 1 минуттық видео арқылы көрсетілгенімен оның артында 4-5 сағаттық еңбек жатыр. Алдағы уақытта портрет жасауға жұмсалатын уақыт жылдамдығын арттыру мақсатым да бар», - деді жас өнерпаз.
Одан бөлек, портрет авторы қызығушылық танытылса, шығармашылық байқауларға қатысуға да ниеті барын білдірді.
«Ең алдымен бұл менің сүйікті ісім, яғни мен өзім үшін жасаймын. Менің шығармашылық жұмысыма қызығушылық танытушылардың бары қуантады, сол үшін де тәжірибемді одан әрі жалғастыратын боламын. Сол сияқты қолөнер шығармашылығына арналған байқауларға қатысып, бағымды сынап көруге дайынмын», - деді ол.