​Еңбек нарығындағы өсім ел экономикасының тұрақтылығын көрсетті

0
256

Мүгедектігі бар тұлғаларды жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің түрлі шараларымен ағымдағы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында 20,7 мыңнан астам адам қамтылды.


​Еңбек нарығындағы өсім ел экономикасының тұрақтылығын көрсетті

ERNUR.KZ. 2024 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында республика аумағында азаматтарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына 522,2 мың адам қатысты. Оның 403 100-і жұмыспен қамтылды. Жұмыспен қамтылғандар арасында 174 мыңы уақытша жұмысқа тұрса, басым бөлігі, яғни 229,1 мыңы тұрақты жұмысқа орналасты.

174 мың жұмыскер субсидияланатын жұмыс орындарымен қамтылды. Дәлірек айтар болсақ, 15 мың адам – әлеуметтік жұмыс орындарында, 27,3 мың адам – жастар практикасы жобасы бойынша, 104,2 мың адам – қоғамдық жұмыстарға тартылды. 8,8 мың адам – «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында, 387 адам – «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы аясында, ал «Күміс жас» жобасы аясында 18,3 мың адам жұмыс орнын тапты. Қызмет саласын таңдау мақсатында 166,9 мың адам әлеуметтік кәсіптік бағдарлаудан өтті.

Азаматтарды кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға құрылған «Бастау Бизнес» жобасы аясында 52,3 мың адам оқуға қабылданды. Оның ішінде 34,4 мыңына курсты толық аяқтағанын айғақтайтын сертификаттар тапсырылды. Сонымен қатар, жаңадан бастаушы кәсіпкерлердің бизнес-бастамаларын жүзеге асыруға жәрдем берілді. Бұл мақсаттағы жұмыстар да ауқымды, ағымдағы жылдың басынан бері халықтың әлеуметтік осал санаттарына 8 941 грант берілді. Жалпы қаржылық қоры – 400 АЕК мөлшеріне дейінгі (1 476 800 теңге) соманы құрайды.

49,1 мың қазақстандық еңбек нарығында сұранысқа ие дағдылар бойынша онлайн оқыту курсына қабылданып, оның ішінде 44,5 мыңы толықтай білім мен дағдыларды игеріп шықты.

Республикадағы Ұлттық статистика бюросы келтірген деректерге сүйенсек, 2024 жылдың екінші тоқсанында 15 жас және одан жоғары жастағы азаматтарды жұмыспен қамту деңгейі 64,9%-ды құрайды. Ал Халықаралық еңбек ұйымы (ХЕҰ) әдіснамасына сәйкес есептеулерде Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі 4,7% көрсеткен.

2024 жылдың екінші тоқсанында республика бойынша жұмыспен қамтылған халықтың жалпы саны 9,2 миллион адамға жеткен. Бұл цифр 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 75,3 мың адамға өсімді көрсетеді.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны 50,1 мың адамға өскені байқалады. Жалдамалы қызметкерлер санының өсімі 25,2 мың адамды құрады. Мұндай өсім көрсеткіші еліміздің еңбек нарығындағы мүмкіндіктердің жақсарғанын және тұрақтылыққа ие болғанының айғағы.

Экономика салалары бойынша ең көп жұмыспен қамтылғандар – сауда (16,8%), білім беру (13%), өнеркәсіп (12,6%) және ауыл шаруашылығы (11,5%) мамандары екені байқалады. Аталған мамандықтар бойынша халықтың көп бөлігі жұмыс орындарымен қамтамасыз етіліп, жұмыспен қамтудың негізгі драйверлері болып қала береді.


Әлеуметтік осал топ

2024 жылғы 1 қазандағы дерек бойынша, Қазақстанда мүгедектік бойынша тіркеуге алынған 732,1 мың тұрғын бар. Олар жалпы Қазақстан халқының 3,6%-ын құрайды. Жартысынан астамы (381,3 мың адам) жас және денсаулық жағдайлары бойынша еңбекке қабілетті.

Мүгедектігі бар тұлғаларды жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің түрлі шараларымен ағымдағы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында 20,7 мыңнан астам адам қамтылды. Бүгінгі таңда барлығы ерекше қажеттіліктері бар 106,8 мың адам жұмыспен қамтылған (28%).

Өңірлердегі жергілікті атқарушы органдар ҚР Әлеуметтік кодексіне сәйкес мүгедектігі бар адамдар үшін жұмыс орындарына квота белгілейді. Олардың қатарында ауыр жұмыстар, еңбек жағдайлары зиянды, қауіпті жұмыстардағы жұмыс орындары есепке алынбауға тиіс. Ағымдағы жылдың тоғыз айына квота шеңберінде 5,4 мың мүгедектігі бар адам жұмысқа орналастырылды.

Ерекше қажеттіліктері бар адамдар да жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына тартылуда. Мәселен, 2024 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында 5,9 мың адам тұрақты жұмысқа, 505 адам жастар практикасы бағдарламасы бойынша, әлеуметтік жұмыс орындарына – 654 адам, қоғамдық жұмыстарға – 5,9 мың адам, «Күміс жас» жобасы бойынша – 828 адам, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша – 183 адам, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы бойынша – 6 адам жұмысқа орналастырылды.

272 адам қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен, 5 мың адам «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытумен қамтылды.

Халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтарға өз бизнесін ашу үшін 400 АЕК-ке дейінгі (1,4 млн теңге) мөлшерінде мемлекеттік гранттар беріледі. Бүгінгі таңда 1470 мүгедектігі бар адам осындай қолдауға ие болды.

Сондай-ақ, 2018 жылдан бастап халықаралық тәжірибені ескере отырып, мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орнын жарақтандыруға байланысты жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау тәртібі енгізілді. Ағымдағы жылы осындай 71 арнайы жұмыс орны құрылды.

Айта кету керек, Tanda Enbek платформасында мүгедектігі бар адамдарға арналған бос жұмыс орындарының республикалық онлайн-жәрмеңкесі жүйелі түрде өткізіледі. Шараны «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ «IteachMe» қоғамдық қорымен бірлесіп ұйымдастырады.

Жәрмеңке араға уақыт салып үздіксіз ұйымдастырылады. Естеріңізге сала кетейік, Tanda Enbek платформасы іске қосылған сәттен бастап 54 рет өткен.

Оған қатысу үшін өтініш берушілер Tanda Enbek платформасына кіріп, жәрмеңке бетінде тіркеуден өтіп, жеке кабинетінде түйіндеме құруы қажет.

Мүгедектігі бар адамдарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесін осындай форматта өткізу екі жаққа да өте ыңғайлы. Жұмыс іздеушілер қолжетімді бос жұмыс орындарын жылдам көре алады. Әлеуетті жұмыс берушілерге түйіндемелерін жіберу тетігі де оңайлатылған. Бірден бірнеше ұйымдардағы жұмыс жағдайларын бағалай алады. HR-менеджерлермен сөйлесу, белгілі бір лауазымға қажетті біліктілік дағдыларын анықтау және сұхбаттасуға шақырулар алу – барлығы қарастырылған. Ал жұмыс берушілер онлайн-жәрмеңкеге өз бос жұмыс орнын ұсына отырып, сонымен қатар үміткерлердің кандидатураларын қарауға, өзін және қажеттіліктерін жариялауға, өз қызметінің маңызды аспектілерін түсіндіруге және ең қолайлы үміткерлердің жеке базасын құруға мүмкіндігі бар.


Жұмыссыздық көрсеткіші

Халықаралық еңбек ұйымының әдіснамасы бойынша жүргізілген талдау-сараптау бойынша, елдегі жұмыссыздар саны 451 мың адамды құрады. «Жұмыссыз» статусына ресми түрде тіркелген азаматтар саны 314 мың адам. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 0,3 пайыздық тармаққа өсті және жалпы жұмыс күшінің 3,3%-ын құрады.

15-34 жас аралығындағы жұмыссыздық деңгейі 3,2%-ды көрсетеді. Бұл шама жалпы жұмыссыздық деңгейінен төмен. Демек жас ұрпақтың жұмыс істеу, жұмыс уақытын ұйымдастыру барысында көптеген қиындықтарға ұшырасатынына қарамастан, еңбек нарығына біртіндеп кірігіп жатқанын білдіреді.

Айта кетейік, Алматы қаласында Жапония Үкіметінің қолдауымен БҰҰ Даму бағдарламасының өңірлік жобасы шеңберінде форум өткізілген болатын. «Жастар Орталық Азияның тұрақты болашағы үшін» форумында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова сөз алды. Министр Қазақстан жастарын жұмыспен қамту саласында көптеген тиімді мүмкіндіктерге жол ашатын цифрлық жүйелермен таныстырды.

Электрондық еңбек биржасы шеңберінде жұмыспен қамту саласында көрсетілетін қызметтердің «цифрлық супермаркеті» қалыптасқанын жеткізді. Оның тиімді тұсы – қазақстандықтар бойындағы қандай да бір кәсіби дағдыларын одан әрі дамыту немесе жаңа кәсіби дағдыны игеру, өз қабілеттеріне лайықты жұмыс орнын табу, кәсіпкерлік негіздерін үйрену, өз бизнесін бастау үшін грант алуға өтінім беру – осының бәрін бір платформада жүзеге асырады. Сондай-ақ электрондық еңбек биржасының цифрлық экожүйесі жұмыс берушілерге кадрлық іс жүргізу процестерін жеңілдетуге және еңбек заңнамасы талаптарының сақталуына өзін-өзі тексеруден өтуге мүмкіндік береді. Бұдан басқа, платформада электрондық форматта еңбек және өңіраралық көші-қон саласында қызметтер көрсетіледі.

Қорыта айтқанда, жұмыс берушілерді, жұмысшыларды және мемлекеттік құрылымдарды бірыңғай цифрлық кеңістікте Электрондық еңбек биржасы біріктіреді. Ол еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсынысты тиімді ұштастыру және азаматтарға мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын жақсарту ісінде бірқатар нәтижелерге қол жеткізуге жол ашты. Электронды еңбек биржасы цифрлық платформасында жасанды интеллект қызмет көрсетеді. Оны пайдалану платформада жұмыспен қамту қызметтерін ұсыну процесінде адами факторды барынша азайтуға, кадрларды іріктеуде жоғары дәлдікке қол жеткізуге және ізденушілер үшін мансап жолдарын оңтайландыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, Электронды еңбек биржасында студенттердің практикалық дағдыларды игеруін оңтайландыру үшін өндірістік практиканың функционалы іске қосылған. Бұл студенттерге өндірістік практиканың қажетті орнын табуға, оған қоса нақты дағдыларды игеруге, бәсекеге қабілеттілікті арттыруға көмектеседі.

Жастарды жұмыспен қамтуда кезекті бір маңызды жоба – мансап компасы. Бұл база көпшілікке мансапты саналы түрде таңдауға ықпал ететін кәсіби мүмкіндіктер мен білім беру бағдарламалары туралы өзекті ақпаратты ұсынады. 400 мамандық және 12 бағыт бойынша талдамалық деректермен mansap.enbek.kz сайты арқылы танысуға болады.

Кадрларға қажеттілікті талдау мен болжауды және барлық іске асырылып жатқан жобалардың тиімділігіне уақтылы мониторинг жүргізуді қамтамасыз ететін жобалардың инновациялық навигаторы жұмыс істеуде. Бүгінгі таңда жүйеде 150 мың жұмыс орнын құру жоспарымен 755 инвестициялық жоба бойынша мониторинг жүргізілуде.


Еңбек нарығы экономиканың жай-күйінің ең маңызды көрсеткіштерінің бірі болып табылады және оның тұрақтылығы елдің әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын айтарлықтай анықтайды. 2024 жылдың екінші тоқсанында Қазақстанның еңбек нарығы тұрақты жұмыспен қамту және жұмыссыздық көрсеткіштерінің өсімін көрсетті, бұл ел экономикасының тұрақтылығын растайды.

Экономиканың одан әрі тұрақты өсуін қамтамасыз ету үшін еңбек нарығындағы жағдайды бақылауды жалғастыру міндетті. Сонымен қатар, жастар арасында жұмыссыздықты азайту бойынша белсенді шаралар қабылдау маңызды. Осылайша, қазіргі тенденцияны қолдау және жұмыспен қамту көрсеткіштерін жақсарту Қазақстан экономикасының болашақта тұрақты өсуін қамтамасыз етудің негізгі факторларына айналады.

Бауыржан ЕРМАН,

ERNUR.KZ