Еңбекті қорғау саласын цифрландыру үш тарап үшін де пайдалы болмақ

0
383

Цифрландыру еңбек қатынастарының заңдылығы мен ашықтығын қамтамасыз етеді, жалған жұмысқа орналасуды болдырмауға, ұйымның құрылымы, штат саны, лауазымдары мен қызметкерлердің жалақысы туралы жалған мәлімет берудің жолын жабады.


Еңбекті қорғау саласын цифрландыру үш тарап үшін де пайдалы болмақ

Сурет: rail-news.kz

ERNUR.KZ. Ағымдағы жылдың 14 қазанында Қарағанды облысы, Саран қаласында орналасқан «Qarmet» АҚ Көмір департаментіне қарасты «Саранская» шахтасында апатты жағдай орын алғаны белгілі. Оқыс оқиға салдарынан 3 жұмыскер зардап шегіп, түрлі дене жарақатын алған.

Апаттың мән-жайын тексеру үшін Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментінен комиссия құрылып, тергеу жұмысын бастап кетті.


Көмір кеніші, басқа да өндірістік орындарда мұндай апаттар алғашқы рет болып тұрған жоқ. Осыған дейін де ұқсас оқиғалар, жұмысшылардың дене жарақатын алуы, өмірімен қоштасу фактілері бірнеше рет тіркелгені белгілі. Мәселен, 2024 жылдың бастапқы 8 айында еліміздің кәсіпорындарында 892 адам зардап шеккен. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 3,8%-ға көп. Оның ішінде қаза тапқандар саны - 117 адам (2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,6%-ға артық).

Өндірістік жарақаттану жағдайы ең көп орын алған аймақтар – Қарағанды (106 адам), Абай (78 адам), Қостанай (76 адам), Шығыс Қазақстан (66 адам), Павлодар (55 адам) облыстарында және Алматы қаласы (61 адам).

Тексеру нәтижесінде белгілі болғандай, өндірістік жарақаттану орын алуына жол беретін негізгі бұзушылықтар: қауіпсіз еңбек жағдайларымен қамтамасыз етпеу (235 факт немесе 38%); еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қағидаларын бұзу (43 немесе 7 %); жұмыскерлерге еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша оқытуды жүргізбеу (35 немесе 6%) болып табылады.

Осыған байланысты ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбекті қорғау саласын жақсарту мақсатында жұмыс берушілермен бірлесіп кешенді жұмыс жүргізуде. Аталған ведомствоның бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов өндірістік жарақаттануды болдырмау жөніндегі шаралар күшейтілетіін мәлімдеген.

Бірінші кезекте кәсіпорындарда қоғамдық бақылауды жүзеге асыру үшін еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестер құрылды. Бүгінгі таңда 18,2 мыңнан астам өндірістік кеңес жұмыс істейді.

Бұзушылықтардың алдын алу және болдырмау мақсатында республиканың 3262 кәсіпорны еңбекті қорғау бойынша стандарттарды енгізді.

«Нөлдік жарақат – Vision Zero» тұжырымдамасына 580 кәсіпорын (биыл – 44) қосылды.

Өндіріс орындарындағы еңбек қауіпсіздігінің қамтамасыз етілу жағдайын бағалау және еңбекті қорғау шараларын жүргізу мақсатында 3 709 өндірістік объекті аттестациядан өтті.

Екіншіден, өңірлерде өндірістік жарақаттану жағдайларын жою бағытындағы іс-шаралар жоспары, сондай-ақ топтық жазатайым оқиғаларға жол берген кәсіпорындардағы еңбек жағдайларын жақсарту жөніндегі жоспарлар бекітілді.

Үшіншіден, Абай, Алматы және Қостанай облыстарының жұмыс берушілерімен өндірістік жарақаттану мәселелері бойынша кеңестер өткізілді.

Төртіншіден, Қазақстан Республикасында 2024-2030 жылдарға арналған қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы іске асырылуда. Тұжырымдамада көзделген іс-шаралар нәтижесінің әсеріне ұзақ мерзімді қауіпсіздікке қол жеткізуге көмектеседі деген болжам бар. Жазатайым оқиғаға екінші не одан да көп рет жол берген кәсіпорындармен жұмыс орындарында қауіпсіз еңбек жағдайларын жасаудың кешенді жоспарын пысықтау басты назарда. МЕИК аумақтық департаменттері кәсіпорындарда қауіпсіз еңбек жағдайлары мен өндірістік жарақаттануды қамтамасыз ету бойынша ахуалға тұрақты мониторинг жүргізуде. Сондай-ақ жұмыс берушілердің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілігін күшейту қарастырылу үстінде.

Еске салайық, 2024 жылдың 29-31 мамыр аралығында Астанада KIOSH 2024 XII Қазақстандық Халықаралық еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі конференция мен көрме өткізілді. Шара аясында қазақстандық және халықаралық сарапшылар еңбекті қорғау мен өнеркәсіптік қауіпсіздікке байланысты мәселелердің кең ауқымын талқылаған болатын. «Еңбекті қорғау: өзгерістерді басқару және инновациялық көшбасшылық» тақырыбындағы стратегиялық пленарлық сессия барысында еліміздегі еңбекті қорғау саласын цифрландыру жайы кеңінен қозғалды.

Одан бөлек, еңбекті қорғауды басқарудың ұлттық жүйесін жаңғырту, кәсіптік тәуекелдерді төмендету жөніндегі шараларды экономикалық ынталандыру, еңбекті қорғау саласындағы бақылау мен мониторингтің тиімділігін арттыру мәселелерін талқылады.

Сонымен қатар, әлеуметтік әріптестердің байланысын қамтамасыз ету үшін «Кәсіподақтардың автоматтандырылған жұмыс орны» ақпараттық модулі енгізіліп жатқаны айтылды. Бұл кәсіподақтарға өз қызметін цифрлық салада жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Орын алған бұзушылықтар, еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтамау туралы мәліметтерді беру цифрлық алаңда қолжетімді іске асырылатын болады. Бұл шара еңбек заңнамасының сақталуын бақылауды күшейтуге, жұмыскерлердің құқықтарын қорғауды жақсартуға мүмкіндік береді.

Отырыс барысында мәжбүрлі немесе міндетті еңбектің барлық түрлерін, соның ішінде балалар еңбегін жою мәселесі де тиісінше талқыланды. ҚР еңбек заңнамасына сәйкес, балалар 14 жастан бастап қоғамдық пайдалы еңбекпен, кәсіпкерлікпен айналысуға, жалдамалы жұмыс істеуге құқылы. Бірақ, ата-аналарының рұқсаты болуы, жұмыс кестесі оқудан бос уақытына құрылуы, баланың денсаулығы мен дамуына, адамгершілік және психикалық жағдайына зиян келтірмеуі шарт.

Ведомство 14-16 жас аралығындағы кәмелетке толмаған жасөспірімдердің еңбегін көрсетілген талап-шарттарды бұзбай пайдалануға рұқсат беретін жеңіл жұмыстардың тізімін әзірлеуде. Оларды еңбекке заңсыз тарту фактілерін жою мақсатында құқық қорғау, әлеуметтік, білім беру органдары, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдар желісі бойынша қарқынды жұмыс жүргізіліп жатыр.

Айта кету керек, 2022 жылы кәмелетке толмағандарды заңсыз жұмысқа тартудың 3 фактісі тіркелсе, 2023 жылы тек 1 факт анықталған.

Келесі бағытта жұмыскерлердің еңбек шартынсыз жұмыс істеуі, кәсіпкерлердің табысын жасыруы, еңбекақыны төмендету фактілеріне жол бермеу жайы айтылды. Мұндай әлеуметтік тәуекелдер әрдайын қызметкерді белгілі бір жағымсыз салдарға әкеп соғады. Еңбек қатынастарының ашықтығын және жұмыс берушілердің өз міндеттерін тиісінше орындауын қамтамасыз ету үшін «HR Enbek» ақпараттық жүйесінде кәсіпорындардың штат кестесін декларациялау шешімі қарастырылды. Сондай-ақ, еңбек және ұжымдық шарттар жасасу рәсімін электрондық форматқа көшірудің тиімділігі бағаланды. Еңбекті қорғау саласын цифрландырудағы осы сынды шаралар еңбек қатынастарының заңдылығы мен ашықтығын қамтамасыз етеді, жалған жұмысқа орналасуды болдырмауға, ұйымның құрылымы, штат саны, лауазымдары мен қызметкерлердің жалақысы туралы жалған мәлімет берудің жолын жабады.

Бұл бағыттағы жұмыстардың тағы бір саласы – қауіпсіз және салауатты жұмыс ортасын құру. Жұмысшылар үшін өндірістік жарақаттану және кәсіптік аурулар негізгі сын-қатерлер болып табылады. Министр осы қауіптің алдын алуды іске асыру шеңберінде 2025 жылдан бастап цифрлық құралдар мен аспаптарды қолдануға баса назар аударатынын айтты. Сондай-ақ, қызметкерлердің білімін тексеру бойынша онлайн-платформа құру жоспарланғанын, оқыту және біліктілікті арттыру бойынша қызмет көрсететін ұйымдарға тіркелуді онлайн жүзеге асыру бойынша талаптарды күшейту көзделгенін хабарлады.

Конференцияның екінші күнінде өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері қарастырылды. Осылайша, бірінші панельдік сессияда Қазақстанда өнеркәсіптік және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ал екіншісінде – цифрлық өнеркәсіптік қауіпсіздік, цифрлық трансформация арқылы өнеркәсіптік қауіпсіздікті дамыту мәселелері тереңінен талқыға түсіп, көптеген өзекті мәселелердің беті ашылды, тиімді ұсыныстар мен шешімдер қабылданды.

Баса назар аударылып отырған жоғарыда аталған барлық міндеттерді іске асыру үш тарап үшін де (мемлекет, жұмыс беруші және қызметкер) еңбек жағдайларын жақсартуға, кадрлар сапасын арттыруға және еңбек ресурстарын үнемдеуге мүмкіндік береді.

Бауыржан ЕРМАН,

ERNUR.KZ