Қаулы 2023 жылғы 17 наурызда күшіне енеді.
ERNUR.KZ. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 3 наурыздағы қаулысымен "Дарын" сыйлығын және "Тәуелсіздік ұрпақтары" грантын тағайындау қағидаларына өзгерістер енгізілді, деп жазады zakon.kz.
Сыйлық алуға өтінімдер қабылдау аяқталған кезде 35 жасқа толмаған, халықаралық және республикалық конкурстардың, фестивальдер мен көрмелердің лауреаттары, республикалық және халықаралық деңгейлердегі спорттық жарыстардың жүлдегерлері мен жеңімпаздары болып табылатын Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай-ақ қызметі инновациялық болып саналатын және тиісті сала мен тұтастай қоғамды дамытуға ықпал ететін кандидаттар үміткер болады.
Бұған дейін жас шектеуі 29 жас деп белгіленген болатын.
Сыйлықты бір уақытта әр номинация бойынша екіден аспайтын ізденушіге беруге болады, бұл жағдайда оның ақшалай бөлігі олардың арасында тең бөлінеді. Сыйлықты қайта беруге жол берілмейді. Бiр кандидатураны бiр номинациядан артық сыйлық алуға ұсынуға болмайды.
Сыйлық авторлар ұжымына берiлсе, оның ақшалай бөлiгi олардың мүшелері арасында тең бөлiнедi.
"Тәуелсіздік ұрпақтары" грантын тағайындау ережесінде конкурсқа қатысуға конкурстық өтінім берген, конкурстық өтінімдерді қабылдау аяқталған кезде 14 жастан 35 жасқа дейінгі Қазақстан Республикасының азаматы үміткер бола алатыны жазылған.
Қаулы 2023 жылғы 17 наурызда күшіне енеді.