17 жастағы тұрғын ауруханаға жеткізілді.
ERNUR.KZ. Алматыда жарты жыл бойы энергетик сусын ішкен бозбала шұғыл дәрігерлердің көмегіне жүгінуге мәжбүр болды, деп жазады sputnik.kz.
17 жастағы тұрғын №2 балалар клиникалық ауруханасына жеткізілді. Оған "В гемофилиясы" деген алдын ала диагноз қойылды. Себебі бұған дейін қанның ұйуы төмен болған.
"Тексеріс кезінде дене температурасы көтеріліп тұрды. Ерні қанап, ауыз қуысында жаралар болды. Буындары ауырып, мұрнынан қан ақты. Оны арбамен алып келді. Себебі өзі жүре алмады", - дейді дәрігерлер.
Пациентті кәсіби гематолог Ұлжалғас Өскенбаева да қарап шықты. Дәрігердің айтуынша, баланың алдын ала диагнозы гемофилияның орташа ауыр формасына ұқсап тұрды. Бірақ 17 жылдың ішінде осы аурудың бастапқы кезеңі байқалмаған. Оған қоса, коагулограмманың нәтижесі гемофилияға сәйкес болмады дейді мамандар. Дәрігер үш жыл бұрын балаға операция жасалғанын да анықтады. Бірақ ол кезде гемофилияға тән қанның көп кетуі байқалмады.
"Содан баладан бәрін сұрап, жарты жыл бойы энергетикалық сусындар мен фастфуд қана жегенін анықтадық. Сөйтіп, бауырына айтарлықтай салмақ түскен. Нақты диагнозы – бауыр функциясының бұзылуы. Гемофилия расталған жоқ", - дейді Өскенбаева.
Дәрігерлер баланы емдеп, К дәруменін екті. Соның нәтижесінде қанның ұйуы жақсарды, бауырдың функциясы да қалпына келді.