ЭНЕРГЕТИКА, ЭНЕРГИЯ, ЭКОЛОГИЯ: Алматы облысын жан-жақты дамыту қолға алынған

0
540

Әсіресе экологиялық проблемаларды шешуге ерекше мән берілген.


ЭНЕРГЕТИКА, ЭНЕРГИЯ, ЭКОЛОГИЯ: Алматы облысын жан-жақты дамыту қолға алынған

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында өңңірлерді жан-жақты дамыту жұмыстары үздіксіз жүргізіліп келеді. Әсіресе энергияны үнемдеу, экономиканы қоғамға қауіпсіз бағытта өркендету және қоршаған ортаны қорғап, қолайлы өмір сүру ортасын құру бағыттарына айрықша көңіл бөлінген. Сәйкесінше, мұндай жұмыстар еліміздегі көшбасшы өңірлердің бірі Алматы облысында да тұрақты түрде іске асырылып келеді.


Мәселен бүгінде аталған өңір ел көлемінде құрылысқа қажетті материалдарды өндіру бойынша алдыңғы орынға жайғасқан. Ал өндірілген өнімді діттеген жерге жылдам әрі сапалы түрде жеткізуге облыстың орналасу аумағы мен дамыған логистикасы ықпал ететіндігі сөзсіз. Сәйкесінше, өңір көптеген инвестордың қызығушылығына ие және бизнес өкілдері үшін жайлы жағдай жасау әрекеттері әлі де іске асырылып келеді. Ең бастысы – кез келген жаңа әдіспен шикізат өндіргенде жұмыс барысының экологиялық тұрғыдан қауіпсіздігіне назар аударылады. Бұл үшін өнідіріс орындарына озық инновациялық технологиялар енгізілген.


Өңірге тиімді инвестиция тартудың бір дәлелі ретінде алматылық делегацияның қытайлықтармен бірге «Samruk Energy» акционерлік қауымдастығының өкілдерімен жүздескенін айтуға болады. Себебі, аталған басқосуда Іле өзені бойынан жалпы қуаты бес жүз МВт-ты құрайтын энергия өндіру нысанын салуға тапсырыс беру және «Ақтоғай ГЭС» жобасын жүзеге асыру жұмыстары талқыланған.

Тағы бір айта кетерлік жағдай – биыл өңірде ҚР энергетика министрлігімен жаңартылатын энергия көздері бағытында маңызы зор келісімшарт түзілді. Сәйкесінше, ведомство басшысы қуаттылығы жиырма МВт-ты құрайтын екі бірдей су электр стансасының және он МВт-тық бәр бекеттің құрылысын жүргізу үшін аукцион жоспары жасалды. Сонымен қатар, Райымбек, Кеген жерлері мен Іле ауданы аумағында қуаттылығы жүз МВт-ты құрайтын күннен электр қуатын алатын бекет салу жобалары мақұлданды. Тиісінше, аталған жобалар өңірдегі тиімді энергия сасатын табысты іске асыруға ықпал етері анық. Оған қоса жаңартылатын энерия көздерінің үлесін арттыруға септігі тиеді. Мұның барлығы өңірдегі экологиялық тұрғыдан таза болып саналатын энергетиканы ілгерілету және тұрақты түрде жұмыс істеуін қамтамасыз етуде зор маңызға ие.


Алматылық тұрғындар да қоршаған ортаны қорғау, айналаны таза ұстау жұмыстарына белсене үлес қосып жатыр деп авйтуға болады. Мәселен, елімізде қарқынды түрде жүргізіліп келе жатқан «Таза Қазақстан» науқанының бірінша аптасында сексен мыңға жуық өңір азаматтары онға тарта аудан мен үш жүзден аса елдімекенді, қоғамдық орындарды тазартуға белсене атсалысты. Нәтижесінде өңір аумағында бес жүз тоннадан аса қоқыс шығарылған.


Ал, ауқымды акцияның «Киелі мекен» атты апталығында «Жамбыл Жабаев» атындағы музей, «Таңбалы» қорық-мұражайы, «Талғар қалашығы» кешені мен қуғын-сүргін құрбандарына арналға музей, «Шарын» ұлттық саябағы сынды киелі, тарихи орындарда үш жүз мыңға тарта адам тазалық және ретке келтіру жұмыстарын атқарып, бірнеше тонна күл-қоқыс жинаған.


Сондай-ақ, жасыл белдеу аумағын ұлғайтуға бағытталған «Жасыл аймақ» жетікүндігі шеңберінде өңірде отыз мың түптен аса ағаш көшеттері егілсе, төртінші апталықта өңір жастары өнегелі істерге белсене қатысты. Ізін ала туристер арасында сұранысы артып жатқан Есік көлі аумағында «Мөлдір бұлақ» апталығы басталып, облыс әкімі бастаған еріктілер ауқымды сенбілік өткізді. Бұл апталық аясында өңірдегі жетпістен аса су қоймасы, жүзден астам тоған, оннан аса бөгет пен жүзге жуық канал аумағы ретке келтірілген. Жалпы, «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы жүздеген іс-шараға өңірдің бес жүз мыңнан аса азаматы атсалысып, тазалық, ретке келтіру, киелі орындар мен табиғи аумақтарды тазалау және жасыл желек аумағын ұлғайту жұмыстарын атқарған.

Ал, шілде айының басындағы облыс әкімдігінің ақпаратына сүйенсек, мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған науқанға 600 мыңнан аса алматылық атсалысып, жиырма мың тоннадан аса күл-қоқысты тазалапты. Әсіресе, Жамбыл, Райымбек аудандарының отыз мыңнан аса тұрғыны мен, Қонаев қаласының азаматтары ауқымды жұмыстар жүргізген екен.


Естеріңізде болса, өткен жылы Алматы өңірінің экологиялық ахуалын түзету мақсатында 2023 жылы басталып, 2025 жылы аяқталатын арнайы жол картасы түзілген болатын. Бір жарым миллион тұрғыны бар өңірдегі жағдайды дұрыстауға арналған жобаны экология министрлігі мен облыс басшылығы бірлесе әзірлеген. Осы жол картасының негізгі бір бағыты жылу электр бекеттерін газдандыру еді. Жоспарға сәйкес, облыстағы жылу электр стансалары 2026 жылға дейін толық газға қосылуы қажет. Сонымен қатар, жол картасында өңірге қарасты көптеген елдімекенді, ондағы үйлер мен бизнес нысандарын табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары қамтылған. Осыған орай, алдағы үш жылдың көлемінде жоспарған енген ауылдар толықтай көгілдір отынмен қамтылады деп көзделіп отыр.


Ұзақмерзімді жоспардағы тағы бір пайдасы мол бағыт – өңірді көгалдандыру арқылы экологиялық проблемаларды азайту. Осы мақсатта 2023 жылы жүз мың түп ағаш көшеті отырғызылса, биыл бұл көрсеткіш жүз он мыңға жеткізілмек. Одан бөлек, жол картасында су ресурстары да қамтылып, ең алдымен кәріз жүйелерін жаңғыртуға көңіл бөлінген. Қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу ісі де назардан тыс қалмаған. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта облыс көлемінде қоқыстың жиырма бір пайызы ғана кәдеге жаратылып жатыр екен. Дәлірек айтсақ, былтырғы жылы өңірде 440 000 тонна қатты қалдық жиналып, оның тоқсан мың тоннадан астамы ғана өңделіпті. Ал, бұл көрсеткіш ұлғаймаса, экологиялық проблемалар көбейе түспек.

Осы ретте бір жұма бұрын ғана өңірге қарасты Іле ауданы аумағында қатты қалдықтарды өңдейтін, сонымен бірге қоқысты жағу арқылы электр қуатын шығаратын зауыттың іргетасы қаланды. Ауқымды әрі маңыздылығы жобаның құны 32,6 миллиард теңгені құрайды екен. Сондай-ақ, жоба іске асырылса, жетпіске тарта жаңа жұмыс орны құрылады.


Осылайша, алдағы бірнеше жыл ішінде өңірде бір-бірімен әрдайым тығыз байланыста болатын тиімді энергетика, жаңартылатын энергия көздері және экология сынды салаларда тың жаңалықтар орын алмақ.


Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ