Ереуілдер компания жұмысшыларына да, ел экономикасына да кері әсерін тигізеді

0
642

Еңбек кодексі бойынша қызметкер себепсіз жұмыс орынын 3 сағаттан артық уақытқа тастап кетсе, жұмыс беруші онымен еңбек шартын бұзуға құқылы.


Ереуілдер компания жұмысшыларына да, ел экономикасына да кері әсерін тигізеді

Өкінішке қарай, Маңғыстау бұл күндері тек мұнайлы, теңіз жағасындағы өлке ғана емес, үнемі ереуілі бітпейтін аймаққа айналып барады. Талап-тілек әртүрлі, негізінен еңбек дауы. Жалақысын, нәпақасын сұраған, даулаған, тіпті шарт қойғандар көп.

Былтыр 11 желтоқсанынан бастап Маңғыстау облысындағы «West Oil Software» компаниясы қызметкерлері ереуілге шыққан болатын. Сот шешімімен заңсыз деп танылған ереуіл арада 2 айдан астам уақыт өтсе де, тоқтар емес.

«West Oil Software» компаниясының қызметкерлері бірқатар талап қойып, ереуілге шыққан болатын. Атап айтқанда, олар қызмет ететін компанияны «Қазмұнайгаз» құрамына алу, жалақыларын ҚМГ-ның еңбекақы жүйесімен теңестіру және материалдық-техникалық базаны жаңарту.

Жұмысшылар талап еткен техниканы жаңарту мәселесі жолға қойылған, шешіліп келеді дейді ҚМГ басшылығы. 2023 жылғы 14 қарашада ҚМГ еңбек арбитражының отырысында техника паркін жаңарту бойынша хаттамаға қол қойылды. Хаттамаға сәйкес, 2024-2026 жылдар аралығында 202 дана техника жаңартылады.

Дегенмен сонда да ереуіл тоқтамағандықтан, «West Oil Software» компаниясының басшылығы 21 ақпан күні үндеу жариялады. Үндеуде компания басшылығы жұмысшыларды заңсыз ереуілді тоқтатып, 24 ақпанға дейін жұмыс орындарына шығуға шақырды. Егер талап орындалмай, заңсыз ереуілді тоқтамаса, олар жұмысшылармен еңбек шартын бұзып, Маңғыстау облысының Қарақия және басқа да аудандарында жұмыс кезегінде тұрған азаматтарды жұмысқа қабылдайтындарын жеткізді.

Бұл тақырып әлеуметтік желілер мен БАҚ-та кеңінен талқыланды. Мәселен, маңғыстаулық блогер Азамат Сәрсенбаев Facebook пен Instagram-дағы жазбаларында West Oil Software компаниясының басшылығы үндеу тастап, жұмысшыларды 24 ақпанға дейін жұмыс орындарына қайтуға шақырып жатқанын жеткізді. Сөз соңында жазба авторы жұмысшылар ақылға келіп, жұмыс орындарына қайтқаны жөн деген пікір білдірген. Ары қарай ереуілдегі көлік жүргізушілері жұмыс орындарына қайтпаса, компания басшылығы олардың орнына Қарақия және басқа да аудандарда кезекте тұрған азаматтарды жұмысқа тартуға мәжбүр болатыны айтты.

Үндеу туралы ақпарат жариялағандардың арасында журналист Венера Қасумова да бар. Ол компания басшылығының жанжалды құқықтық жолмен реттеуге тырысып жатқанына назар аударып, осы уақытқан дейін 94 жұмысшының жұмыс орнына оралғанын жеткізді. Ары қарай барлық шешім тек заң аясында жүзеге асу керектігін айтып, жұмысшыларды Еңбек дауы ұшығып кетпей тұрғанда ақылға келіп, жұмыстарын жалғастыруға шақырды.

Еңбек кодексі бойынша қызметкер себепсіз жұмыс орынын 3 сағаттан артық уақытқа тастап кетсе, жұмыс беруші онымен еңбек шартын бұзуға құқылы. Кәсіпкер Диляра Турина 2,5 ай бойы жұмысшылардың орнын сақтап отырған компанияның шыдамдылығына таң қалатынын жеткізіп, кәсіпкер ретінде үлкен шығынға батып отырған компания басшылығының назын түсінетінін айтты.

Ереуіл басталғалы екі жарым ай өтті, осы уақыт аралығында «West Oil Software» компаниясы 900 миллион теңгеге жуық шығын келген. Бұл мәселеге қатысты экономист Қанат Оспанов та өз пікірін білдірді. Ол ереуілшілердің іс-әрекетін орынсыз деп бағалап, жұмыс жағдайы ұнамаса, басқа қызмет іздеу әлдеқайда дұрыс болатынын жазды.

Сондай басқа да белсенділер мәселені шешудің балама жолдарын қарастыруды ұсынды. Мәселен, бұл аймақта Қазмұнайгазға жұмысқа тұруға ниетті кісілердің ресми кезегінде 9 мыңдай адам бар. Егер ереуілшілер бұған дейін 700 мың теңге жалақы алып келгенін ескерсек, онда босаған орындарға әлгі тізімнен жұмыссыздарды шақыруға да болады.

Ереуіл шамамен 80 күн бойы жалғасып келеді. Осы тұста мұнай-газ саласының сарапшысы Нұрлан Жұмағұлов ереуіл аймақтық деңгейде де, республикалық деңгейде де қолдау таппағанын атап өтіп, ереуілшілерді келісімге келуге шақырды. Ереуіл 80 күн бойы жалғасып жатқанын ескерсек, жұмысшылар отбасын қалай асырап отыр деген орынды сұрақ туындайтынын айтты.

Ереуілдер экономикалық тұрғыда тек жұмыс орынын тастап кеткен жұмысшылардың отбасына ғана емес, жалпы ел экономикасына да кері әсер етеді. Саясаттанушы Марат Шибұтов бұлай жалғаса берсе, инвесторлар Маңғыстаудан ат тонын ала қашатын күнге жетуі мүмкін дейді. Немесе жұмысшылардың бәрін басқа аймақтардан алдыратын болады. Сондықтан мұндай ереуілдер экономиканың дамуына кедергі болып, дағдарысқа ұшыратпасын десек, мемлекет заңсыз талаптарды орындамауы керек дейді сарапшы.

Ереуіл әдетте еңбек шарты бұзылған жағдайда немесе еңбекақы төмен болып, жұмысшылардың күнкөрісіне жетпеген жағдайда туындайды. Кейбір сарапшылар аталған мәселенің осы қырын да көтерді. Мәселе, әділетті экономика деген термин бар. Бұл жұмыс көлемі мен табыс деңгейі сәйкес келетін қоғамды сипаттайтынын айтты. Қазақстандағы орташа жалақы шамамен 350 мың теңге, ал ереуілге шыққан жұмысшылардың орташа жалақысы орта есеппен 735 мың теңгені құрайды. Яғни, ереуілшілерде еңбек құқымыз бен бостандығымыз бұзылды немесе жалақымыз төмен деп айтуға негіз жоқ.

Қарап тұрсақ, аталған тақырыпта БАҚ пен әлеуметтік желілерде түрлі ақпарат тарап, пікірлер жазылғанымен, негізгі ауаны ортақ, ұқсас. Сот заңсыз деген таныған, алайда 80 күн бойы жалғасып келе жатқан ереуіл жұмысшылардың өздеріне де, компания табысына да, ел экономикасына да пайдасын тигізіп жатқан жоқ. «West Oil Software» компаниясы шығын көрді, міндетін атқара алмай отыр. Ал талабын даулап митингте жүргенкөлік жүргізушілері жалақысыз қалды.

Жағдайды сараптасақ, ереуілшілер компания басшылығы қойған талапқа көнбей, 24 ақпанда жұмыс орындарына оралмаса, онда олармен еңбек келісім-шартын бұзу ең орынды әрекет болар еді деген қорытындыға келеміз. Әрине, егер екі тарап мәмілеге келіп, мәселе оң шешілсе, тіптен жақсы, нұр үстіне нұр. Алайда ереуілшілер орынсыз талабынан бас тартпаса, бұл олардың өз шешімі болып қала береді. Ал компания бос тұрған жұмыс орындарына сол өңірден жаңа қызметкерлерді алады.