Ерлан Қошанов депутаттар қандай заң жобаларын қарағанын айтты

0
396

Мәжіліс спикері бірқатар маңызды заң жобасын атап өтті.


Ерлан Қошанов депутаттар қандай заң жобаларын қарағанын айтты

ERNUR.KZ. Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов Парламент сессияның жұмысын қорытындылады, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

«Қоғамда және сарапшылар арасында Сұйытылған газ айналымын реттеу және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мәселелері жан-жақты талқыланғанын білесіздер. Мемлекет басшысы осы мәселені шешу үшін нақты тапсырма берді. Осы орайда депутаттар арнайы заң әзірледі. Заңда газды зауыттан тұтынушыға дейін жеткізудің ашық жүйесі жасалады. Көппәтерлі тұрғын үйлерді басқарудағы кемшіліктер жойылды. Енді, жаңа заң бойынша, басқару нысанын тұрғындардың өзі таңдай алады: КСК-ны қалдыра ма, ОСИ-ді таңдай ма – оны өздері шешеді», - деді Ерлан Қошанов.

Ол атағандай, депутаттар онлайн-платформалар және онлайн-жарнама мәселелері жөніндегі заңға да бастамашылық етті.

«Президент осы саланы құқықтық тұрғыдан реттеу қажеттігі туралы өз жолдауында айтқан еді. Заң жобасы қоғамда қызу талқыланды. Сондықтан онда үкіметтік емес ұйымдардың, сарапшылар қоғамдастығының, әлеуметтік желіні пайдаланушылардың пікірі барынша ескерілді. Осы сессияда кәсіптік біліктілік туралы заңмен жұмыс аяқталды. Заң Ұлттық біліктілік жүйесінің барлық элементтерін реттейді. Мәселен, кәсіптік біліктілікті дәлелдеу арқылы түрлі қызметпен айналысуға мүмкіндік береді», - деді ол.

Қошанов электр самокаттар қолданысы қоғамда үлкен мәселеге айналып отырғанын айтты.

«Олардың жүрісін реттеу жөніндегі түзетулер Парламентте кең талқыланды. Ең бастысы, депутаттар қабылдаған заң жаяу жүргіншілердің де, самокат жүргізушілерінің де қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Сонымен бірге, бұрынғы Семей ядролық полигоны аумағын зерттеу мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі көптен шешімін таппай келе жатқан түйткілді жайттың бірі еді. Бүгінде бұл мәселе заңнамалық деңгейде шешімін тапты. Заң нормалары полигонның аумағын қауіпсіз күйге келтіріп, халықты радиациядан қорғауға жол ашады», - деді Мәжіліс спикері.

Сондай-ақ, ол Мемлекет басшысының «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы аясында Мәжілістің өкілеттігі, бақылаушылық функциясы күшейтілгенін айтты.

«Президент айтқандай, біз бюджеттің атқарылуы барысын, әрбір тиынның жұмсалуын қатаң қадағалауымыз қажет. Осыған орай Жоғары аудиторлық палатаның есебін тыңдадық. Онда халықты толғандыратын ең өзекті тақырып – жылумен қамту мәселесі көтерілді. Қоғамды, депутаттарды жылу орталықтарының қысқы маусымға дайындығы алаңдатып отыр. Осы жөнінде біраз сыни пікірлер айтылды. Нәтижесінде Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаға тиісті ұсынымдар жолданды», - деді ол.