Ерлан Қошанов Түркияға ресми сапармен барды

0
130

​Сапар аясында тараптар стратегиялық әріптестік пен парламентаралық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.


Ерлан Қошанов Түркияға ресми сапармен барды

Фото: Ж.Жұмабеков

ERNUR.KZ. ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов бастаған депутаттар делегациясы Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы Нуман Куртулмуштың шақыруымен Анкара қаласына ресми сапармен барды, деп жазады inbusiness.kz.

Ерлан Қошанов Нуман Куртулмушты Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің 105 жылдығымен және Ұлттық егемендік күнімен құттықтап, бауырлас Түркияның 100 жыл ішінде қол жеткізген жетістіктеріне жоғары баға берді.

– Қазақстан мен Түркия арасындағы байланыс терең тарихи тамырға, бауырластыққа негізделген. Екі ел көшбасшылары арасындағы достық пен сенімге негізделген қарым-қатынас – мемлекетаралық ынтымақтастықтың берік тірегі. Біз, парламентарийлер, осы байланыстарды заңнамалық деңгейде одан әрі нығайтуға дайынбыз, – деді Ерлан Қошанов.

Кездесу барысында заң шығару саласындағы өзара тәжірибе алмасу, парламентаралық диалогты жандандыру мәселелері сөз болды. Мәжіліс төрағасы қос ел депутаттары арасындағы тығыз қарым-қатынасты атап өтіп, парламенттік дипломатияны дамытуға мүдделі екенін жеткізді.

Тараптар көпжақты форматтағы ынтымақтастық, соның ішінде Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясы (ТҮРКПА) аясындағы өзара іс-қимылды да талқылады. Биыл бұл ұйымға төрағалық ету Қазақстанға өтеді. Астанада 11–12 маусым күндері өтетін кезекті отырысқа түрік делегациясының қатысатыны расталды.

Нуман Куртулмуш өз сөзінде Қазақстанның табыстарына шынайы қуаныш білдіретінін айтып, екі ел арасындағы барлық саладағы байланыстардың арта түсетініне сенім білдірді.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен және Сізбен өткізген кездесулеріміз нәтижелі болды. Бүгінгі жүздесу сол диалогтың жалғасы. Біз парламентаралық топтар мен халықаралық ұйымдар аясындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтамыз, – деді Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы.

Кездесу аясында тараптар партияаралық, сауда-экономикалық, ауыл шаруашылығы, әскери-техникалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы әріптестікке қатысты мәселелерді де талқылады.

Сапар барысында қазақстандық делегация Анкарада орналасқан Ататүрік кесенесіне барып, гүл шоқтарын қойды. Ерлан Қошанов құрметті қонақтар кітабына жазба қалдырып, Тәуелсіздік соғысы мұражайы мен Түркия Президенті жанындағы Ұлттық кітапханамен танысты.