Ермұрат Бәпи «Отағасы туралы» заң қабылдауды ұсынды

0
499

Жұлдыз Сүлейменованың атап өтуінше, әкенің отбасындағы рөлі де, орны да қазақ тәрбиесінде ерекше.


Ермұрат Бәпи «Отағасы туралы» заң қабылдауды ұсынды

ERNUR.KZ. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ермұрат Бәпи «Отағасы туралы» заң қабылдауды ұсынды, беп жазады kaz.inform.kz.



Айта кетейік, жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасы бірінші оқылымда талқыланып жатыр. Заң жобасы туралы негізгі баяндаманы Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова жасады. Осыған орай Ермұрат Бәпи әріптесінен заң жобасының авторы ретінде «Отағасы туралы» заң қабылдауға қатысты пікірін сұраған еді.

«Осы заң жобасында әкенің, ер-азаматтың рөлін сүмірейтіп жіберген жоқпыз ба? Осы жөнінде сіздің заң жобасының авторы ретінде жеке пікіріңізді білгім келеді. Заң жобасы негізінде қазақстандық мүддені қорғайды. Бұл жерде анау-мынау, ұлыс деген жоқ. Бірақ, біздің назардан шығармайтын бір мәселе бар. Қазақстан халқының 70 пайыздан астамын қазақ құрайтынын білеміз. Осы тұрғыдан келгенде мына жерде отырғандардың көпшілігі «әкең келе жатыр», «әкең келсін», «әкең сазайыңды береді» деген тәрбиемен өстік қой. Осы тұрғыдан келгенде әкенің, ер-азаматтың рөлін көтеру үшін бәлкім «Отағасы туралы» заң қабылдауымыз керек шығар?! Сіздің өз ойыңыз қандай?», - деп сұрады Ермұрат Бәпи.

Жұлдыз Сүлейменованың атап өтуінше, әкенің отбасындағы рөлі де, орны да қазақ тәрбиесінде ерекше.

«Біз егер ұлт және ұлт болашағы десек, онда әке деген сөзбен олардың түгел байланысып, сабақтасып жатқанын жақсы білеміз. Бірақ, біз бұл заңмен «бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен» әйелдің бүгінгі таңдағы тұрмыстық қарым-қатынастағы патриархалдық озбырлықа ұшырауына белгілі бір тосқауыл қоятын баптарды енгізіп отырмыз. Иә, менде сіз секілді әкелердің, ер-азаматтардың, балаларымыздың болашағына қатысты ой-пікірім бар. Өйткені, біз елдің болашағын ұлдың болашағымен байланыстырған халықпыз. Дегенмен, Конституцияның 33-бабында жынысқа бөлмей, әйел мен ер-азаматтың гендерлік теңдігі нақты көрсетілген. Егер әкелердің рөлін, отбасындағы жалпы жауапкершілігін, бала тәрбиесіндегі ерекше орнын белгілейтін заң қажет болса, бірінші болып әзірлеуге, бірінші болып қабылдауға және оның орындалуына ана ретінде, осы елдің қызы ретінде атсалысқым келеді», - деді Мәжіліс дептутаты.

Осы орайда Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов депутат Ермұрат Бәпиге қарата: «Ермұрат Сейітқазыұлы, егер отағасы жәбір көріп жатса, оны да қорғайтын заң бұл. Бәріне бірдей», - деп әзілдеді.