Аллергиямен ауыратын адамдар Дубай шоколадын жесе, организм реакция білдіреді.
ERNUR.KZ. Дубай шоколады адам ағзасына зиян. Бұл тәттіден асқазан-ішек жолдары бұзылады, калориясының салдары артық салмаққа әкеледі. Танымал шоколадқа қатысты дәрігерлер осылай деді, деп жазады sputnik.kz.
Тәттінің құрамына майға қуырылған катаифи қамыры қосылғандықтан, адамның ұйқы безі бұзылады, өті қабынады.
Токсиколог маман Михаил Кутушев Дубай шоколадын тұтынған қыз баланың денесі қышып, есінен танғанын мәлімдеді. Елордалық нутрициолог мұны шоколад құрамындағы жаңғақ пастасының кері әсері деп отыр.
"Бұл жерде аллергиялық өнім бұл фисташка пастасы. Адамдар мезгілдік аллергиямен ауыруы мүмкін, асқорыту жүйесі дұрыс жұмыс істемейтіндер болуы мүмкін. Олар фисташканы жемеу керек екенін білместен, сол Дубай шоколадын жесе, организм аллергиялық реакция білдіреді. Мысалы қышыну, бөртпелер пайда болуы мүмкін, егерде аллергия қатты қозса есінен танып, анафилактикалық шок алады", - деп ескертті диетолог-нутрициолог Салтанат Болатбекқызы.