Қылмыстық кодекске есірткі үшін жауапкершілікке тартуды көздейтін жаңа бап енгізілді.
ERNUR.KZ. Мәжіліс депутаттары есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымына қарсы заңнама бойынша өзгерістер мен толықтыруларды екінші оқылымда қабылдады, деп жазады Sputnik Қазақстан.
Қылмыстық кодекске есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, өндіру үшін жауаптылықты көздейтін жаңа 297-1-бабы енгізіліп отыр. Жазасы – мүлкі тәркіленіп он бес жылдан жиырма жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру.
Ал 297-бабында есірткі заттарды өткізу мақсатында заңсыз иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу үшін бес жылдан сегіз жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы болады. Бұған дейін бес жылдан он жылға дейінгі жаза қолданылған. Ал ірі мөлшерде жасалған дәл сол іс-әрекеттер үшін алты жылдан он жылға дейін (бұрын алты жылдан он екі жылға дейін болған) бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.
"Лауазымды адам қызмет бабын пайдаланып жасаған дәл сол іс-әрекеттер үшін он бес жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге (бұрын он жылдан он бес жылға дейін болған) бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауаптылық көзделген",-делінген заң жобасының қорытындысында.
Бұдан бөлек, есірткілерді таратқаны үшін жауаптылықты күшейту мақсатында мүлікті тәркілеу түріндегі санкция да қолданылады.