Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.
ERNUR.KZ. Петропавл қаласының әкімшілік мамандандырылған соты көрінеу жалған ақпарат таратқан қала тұрғынының ісін қарады, деп жазады inbusiness.kz.
Солтүстік Қазақстан облыстық сотының мәліметінше, осы жылдың 4 қаңтарында К. есімді адам Facebook әлеуметтік желісін пайдалана отырып, өзінің жеке парақшасында ішкі істер органдарының қайтыс болған бұрынғы қызметкері, қылмыстық-атқару жүйесінің зейнеткері Б-ның абыройына нұқсан келтіретін көрінеу жалған ақпарат таратып, жазба қалдырады.
Тергеу барысында К-ның таратқан ақпараты негізсіз және дәлелсіз екені анықталды.
Б-ның атынан сотқа беруші К-ның жала жауып отырғанын дәлелдейтін дәлелдемелерді, атап айтқанда СҚО полиция департаменті қауіпсіздік қызметі басқармасынан, СҚО қылмыстық-атқару жүйесі департаментінен Б-ға қатысты К-ның атынан арыз-шағымның болмауына байланысты ешқандай қызметтік тергеу жүргізілмегендігі туралы анықтамаларды ұсынды.
Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 73-3-бабының 2-бөлігінің санкциясымен 80 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл салу немесе 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алу көзделген.
Сот қаулысымен К. 20 тәулікке қамаққа алынды.
Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.