Фермерлерге 20 мың тонна пиязды экспорттауға рұқсат етілуі мүмкін

0
464

Ауыл шаруашылығы министрлігі пиязды Қазақстаннан экспорттауға тыйым салуды 28 сәуірге дейін тоқтата тұруды ұсынды.


Фермерлерге 20 мың тонна пиязды экспорттауға рұқсат етілуі мүмкін

ERNUR.KZ. Ауыл шаруашылығы министрлігінде "Қазақстан Республикасының аумағынан пиязды әкетудің кейбір мәселелері туралы" бұйрық дайындалды. Бұл құжат 29 наурызға дейін Ашық үкімет порталына талқылауға жарияланды, деп жазады inbusiness.kz.

"20 000 (жиырма мың) тонна басты пиязды (Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметінің тауар номенклатурасының бірыңғай коды 0102) Қазақстан Республикасының аумағынан үшінші елдерге және Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне әкетуге 2023 жылғы 28 сәуірге дейінгі мерзімге сандық шектеулер (квоталар) енгізілсін", - делінген қаулы жобасында.

Пиязды экспорттау квота көлемін бөлу "e-Agriculture" агроөнеркәсіптік кешен салаларын басқарудың бірыңғай автоматтандырылған жүйесінде фитосанитариялық сертификаттар беру кезінде автоматты түрде жүзеге асырылатын болады.

Сондай-ақ, жүйеде квота көлемінің сандық лимиті және бір өтініш берушіге 500 тоннаны құрайтын лимит сақталады. Квоталар өтініш берушілер арасында толық таусылғанға дейін бөлінеді.

Айта кетейік, бағаны тұрақтандыру мақсатында 28 қаңтардан бастап Қазақстаннан пияз экспортына тыйым салынған болатын.