Gelandewagen жүргізушісі Ілияс Кар: Мен мас болған жоқпын

0
1 525

Сот отырысына марқұм актриса Шолпан Елгезекованың анасы мен туыстары, әріптестері қатысты.


Gelandewagen жүргізушісі Ілияс Кар: Мен мас болған жоқпын

ERNUR.KZ. Алматыда 3 адамның өліміне себепкер болған Gelandewagen жүргізушісі өз кінәсін ішінара мойындады, деп жазады ҚазАқпарат.

"Илияс Кар ҚР жол ережесін бұзып, соның салдарынан абайсызда 3 адамның өліміне себепкер болғаны үшін ҚР ҚК 345-бабының 4-бөлімімен айыпталып отыр. Сондай-ақ, айыпталушы Карға ҚР ЖҚЕ 2 және 8-тармақтарын бұза отырып, жол апатынан кейін жапа шеккендерді медициналық органдарға апармай, оқиға орнында қалдырып кеткені үшін ҚР ҚК 347-бабымен айып тағылып отыр», - деді прокурор.

Ал айыпталушының өзі кінәсін ішінара ғана мойындады.

«Мен өз айыбымды мойындап отырмын. Бірақ ішінара. Мен мас болды деген айыппен келіспеймін. Сонымен қатар, оқиға орнынан кетіп қалды деген 374-баппен де келіспеймін. Мен сол жерде болдым. Ешқайда кеткен жоқпын», - деді Ілияс Кар.

Сот отырысына марқұм актриса Шолпан Елгезекованың анасы мен туыстары, әріптестері қатысты.

Айта кету керек, қайғылы оқиға 29 желтоқсанда болған еді. Абай мен Сейфуллин көшелерінің қиылысында Mersedes Gelаndеwagen және Mitsubishi Galant көліктері соқтығысқан болатын. Mersedes Gelаndеwagen көлігі бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кеткен. Жол апатынан 3 адам - Mitsubishi Galant жүргізушісі мен екі жолаушы көз жұмды. Олардың арасында белгілі актриса Шолпан Елгезек бар.

Кейін белгілі болғандай, 34 жастағы Gelаndеwagen жүргізушісі көлігін мас күйіндежүргізген. «Mercedes Gelandewagen» маркалы автомобиль жүргізушісі, 1985 жылы туған Кар Ілияс Абай және Сейфуллин даңғылдарының қиылысында жол апатын жасағандықтан, ҚР Қылмыстық-процесуалдық кодексінің 128-бабына сәйкес ұсталды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қылмыстық кодекстің 345-бабына және 347-бабының 3-бөлігіне сәйкес жүргізілді.

Еске сала кетейік, аталған жол апатынан аман қалған жалғыз жолаушы - актриса Айзада Сатыбалдиева қабырғалары сынып, ауыр халде ауруханаға түскен болатын. Екі аптадан соң актрисаның беті бері қарап, үйіне шығарылды.