Баланы сөйлеуге ынталандыратын 3 СУПЕР Монтессори ӘДІСІ

0
428

Нәтиже үш күнде байқалады.


Баланы сөйлеуге ынталандыратын 3 СУПЕР Монтессори ӘДІСІ

Фото: prekrasnoezelenoe.ru

Соңғы жылдары елімізде тіл дамуының кідірісі, артикуляциялық және фонетикалық бұзылыстар, дизартрия, аутизм спектрі бұзылысы, даун синдромы диагнозы бар балалар көбейген. Бұлардағы ортақ проблема - үнсіздік. Мамандар бұны ақыл-ой дамуының кідірісімен байланыстырады. Демек, баланың сөйлеу тілін шығару үшін бірінші кезекте оның ақыл-ойын дамыту керек. Бұл орайда ең тиімдісі - Монтессори әдістері.



Авторы кім?

Монтессори әдісін ойлап тапқан – италияндық алғашқы әйел дәрігер, педагог, ғалым Мария Монтессори.

Мария Монтессори психиатриялық клиникада ассистент боп жұмыс істеп жүргенде ақыл-ойы дамуында бұзылысы бар бврларды көп кездестіреді. Олардың мүмкіндігін бағалап, жүйелі және нақты әдіс қолданғанда, үлкен нәтиже беретінін байқаған. Әр түрлі тәсілдерді байқап көру арқылы өз әдісін ойлап табады.

Бүгінде бүкіл әлем бойынша 100-ден астам елде арнайы Монтессори мектептері мен балабақшалар бар. Монтессори әдістерін үй жағдайында да қолдануға болады.

Біз аналарға көмек ретінде баланы сөйлеуге жетелейтін жылдам әсер ететін супер үш ойынды жариялап отырмыз. Күнде жарты сағат уақытыңызды арнай отырып, небәрі үш күнде нәтижесін байқайсыз.



1. “Сиқырлы қапшық” ойыны

Бұл баланың затты сипап тану, ажырату қабілетін және оны сипаттап айту дағдысын дамытатын сенсорлық негіздегі ойын. Қолмен ұстап сезуді, сипалап сипаттауды, сөзбен бейнелеуді, сын есім мен зат есім қолдануды үйренеді. Сұраққа нақты жауап беру дағдысы дамиды.

Қажет құрал: Кішкентай мата қапшық, ішіне балаңыз күнде көріп, пайдаланып жүрген он шақты таныс заттарды (ойыншықтар, қасық, кесе, өзінің аяқ киімі, тарақ, кітап, қалам, алма т.б.) салыңыз.

Ойын барысы:

Бала қапшық ішіне қолын салып, бір затты алып шығады. Көзін жұмып тұрады немесе көзін байлап қою керек.

  • Затты сипап таниды. "Бұл не?" деген сұраққа жауап беріп, заттың атауын айту керек.
  • Сол затты сөйлеу арқылы сипаттайды. "Қандай?" деген сұраққа жауап беруі қажет. Мысалы, «Бұл зат домалақ, жұмсақ, жеңіл».
  • "Оны (онымен) не істейсің?" деп сұраңыз. Бала "Бұл - алма. Мен оны жеймін", "Доп. Онымен ойнаймын" т.б. деп жауап беру арқылы сөздерден сөйлем құрауға ұмтылады.
  • Сосын көзін ашып көреді, сәйкестігін тексереді.

Осылай қапшықтағы барлық затты қолмен танып, сөзбен сипаттап шығуы керек. Әр күні қапшықтағы заттарды түрлендіріп отырыңыз.



2. Үш кезеңді үйрету жаттығуы

Бала сөйлеу үшін алдымен оның сөздік қорын байыту керек. Күнде бір жаңа сөз үйретіңіз.

Жаттығу барысы:

Көрсету-Ажырата білу-Еске түсіру кезеңдерінен тұрады. Төрт-бес ойыншықты бөліп алыңыз. Біреуін алып, атауын айтасыз.

  • Көрсету: "Бұл – піл".
  • Ажырата білу: пілді ойыншықтардың арасын қойып «Пілді көрсетші» деңіз.
  • Еске түсіру: Бала пілді ұстаған соң, "Бұл не?" деп сұраңыз.
  • Келесі күні алдымен пілді атап, оны көрсетуін сұрап, сосын басқа жануар атауын (немесе ас үй ыдыстарының атауын т.б.) үйретуге көшесіз. "Бұл – арыстан" →"Арыстанды көрсетші"→ "Бұл не?"



3. Қимылмен біріктірілген сөйлеу

Қимыл әрекетпен бірге сөйлеу – есте сақтауды дамытады. Және қимыл-әрекет баланың қызығушылығын арттырады.

Ойын барысы:

Әр қимылды өзіңіз жасап көрсетесіз. Оны сөзбен айтып түсіндіресіз. Сосын баламен бірге қайталайсыз.

  • «Қолымды көтеремін» деп қолыңызды көтеріңіз. Балаңыздың қолын көтеріп үйретіңіз. Қайталауын қадағалаңыз.
  • «Аяғымды топ еткіземін» деп топ етіңіз. Балаға жасатыңыз. Бірге қайталаңыз.
  • "Үш рет секіремін: бір, екі, үш" деп, секіріңіз. Балаңызға секіруді үйретіп, бірге қайталаңыз.
  • Осы үш қимылды біріктіріп, әр қимылды сөзбен айта отырып қайталаңыз.

Әр күні әр түрлі үш қимыл жасап үйретіңіз.

Есте ұстаңыз: Бала түсінсе де түсінбесе де ойнатып үйретуді жалғастыра беріңіз. Әр ойын жаттығуынан соң бес минут үзіліс жасап, бес минут музыка қойып баламен бірге билеңіз.

Күнде осы үш ойынға 30-60 минут уақытыңызды бөлуді күн тәртібіне енгізіңіз. Нәтижесі алғашқы күндері-ақ қуантады. Бұл қаншама дамыту орталықтарында тәжірибеде дәлелденген.

Дайындаған: Жазира Смағұлова,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:

Жұбайлар өміріндегі ҚАУІПТІ 6 дағдарыс

Алаяқтардан ҚОРҒАНУдың нақты 4 ҚАДАМЫ