Ислам даму банкі Қазақстанға 1 млрд доллардан астам инвестиция салады

0
151

​Бұл ақшаға төрт су қоймасы салынатын болды.


Ислам даму банкі Қазақстанға 1 млрд доллардан астам инвестиция салады

Фото: t.me/KZgovernment

ERNUR.KZ. Ислам даму банкі Қазақстанның су саласына 1,15 млрд доллар инвестиция салатын болды. Тараптар Бакуде өтіп жатқан БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі конференциясында (COP29) тиісті келісімге қол қойды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров бұл Ислам даму банкінің тарихындағы қаржыландырған ең көлемді жобасы екенін атап өтті.

Сонымен қатар Ислам даму банкі (ИДБ) Қазақстанның су саласын дамытуға 3,5 млн доллар көлемінде өтеусіз грант бөлді.

«ИДБ Су ресурстары және ирригация министрлігі әзірлеген «Климат өзгерісіне төзімді су ресурстарын дамыту» жобасын іске асыруға қатысады. Бұған дейін тараптар жобаның бірінші кезеңі бойынша келіссөздер хаттамасына қол қойған болатын.
Қаржыландырылатын жобаның бірінші кезеңі Астана су қоймасын толықтыру жөніндегі жобаны қоса алғанда, 4 жаңа су қоймасын салуды және жұмыс істеп тұрған 4 су қоймасын реконструкциялауды, 115 каналды реконструкциялауды және күрделі жөндеуді қарастырады. Құрылыс жұмыстары Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан, Батыс Қазақстан, Жетісу облыстарында және Астана қаласында жүргізіледі. Бұдан басқа, жоба ИДБ мен Министрлік арасындағы Қазақ Су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының Су және өзен бассейндерінің мәселелерін зерделеудегі техникалық ынтымақтастықты, сондай-ақ су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы үшін ерте ден қою жүйелерін енгізуді бағалауды көздейді», - делінген хабарламада.

Оның ішінде «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнын техникалық жарақтандыру және су ресурстарын басқаруды жетілдіру үшін автоматтандыру орталығын салу жоспарлануда.

«Мемлекет басшысы су саласына инвестиция тартудың маңыздылығын бірнеше рет атап көрсетті. Біздің алдымызда су инфрақұрылымын жаңғырту және болып жатқан климаттық өзгерістерге бейімдеу міндеті тұр. Ислам даму банкі сияқты беделді институттың қаржыландыруы елімізге деген жоғары сенімді, жүргізіліп жатқан инвестициялық саясат пен әлеуметтік-экономикалық реформаларды куәландырады», — деп атап өтті Нұрлан Байбазаров.