Қайырымдылық қорларына жарна төлемеген мұқтаж балалар «Хан шатырдағы» жәрдем акциясына қатыса алмайды

0
179

​Бір қызығы, балалардың арманын қайырымдылық қорлары да емес, «Хан шатыр» да емес, қарапайым халық орындайды.


Қайырымдылық қорларына жарна төлемеген мұқтаж балалар «Хан шатырдағы» жәрдем акциясына қатыса алмайды

Фото: видеодан скриншот

ERNUR.KZ. «Хан шатыр» сауда орталығында «Тілек ағашы» акциясы жаңа жылдың алдында көпбалалы және жетімдер үйінің балаларына сыйлық беруді қарастырады. Ағашға ілінген хаттардағы балалардың қалауын кез келген азамат алып бере алады, бірақ кез келген бала сыйлық сұрай алмайды екен, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Осындай жағдайға қала тұрғыны Қымбат Керейбай тап болған. Ол өзінің 13 жастағы церебралды параличі бар баласының атынан «Тілек ағашына» қалауын жазбақ болған. Алайда бұл акцияға қандай да бір қайырымдылық қорларына тіркелген балалар ғана хат жаза алады екен. Осы орайда жалғызбасты ананың өзінен мән-жайды сұрап білдік.

«Мүгедектігі бар (ДЦП-авт.) бір баланың анасымын. Жолдасым жол апатынан кейін 3,5 жыл төсек тартып 2016 жылы дүниеден өтті. Балам туғалы оны емдеп келемін. Қазір оңалту бойынша да өте көп шектеу бар. Көп қызмет жұмыс істемей қалды. Қолымыздан келгенше қаржы жинап, емделуге ара-тұра барып тұрамыз. Өзім жалдамалы пәтерде тұрамын. Туыстарым көмектеседі, себебі жәрдемақы жетпейді. Тіршілік етуге болатын жағдайда тұрып жатырмыз», - дейді Қымбат Керейбай.

Оның айтуынша, осыған дейін бір ұйымға тіркелген соң осында акциялар арқылы азын-аулақ көмек алып тұрған.

«Мысалы, екі жыл бұрын бір ұйымға тіркеліп, сауда орталығы арқылы аяқ-киім, сыртқы күрте алып жүрдік. Ол сыйлықты қарапайым халық береді. Кейін біз ол ұйымнан шығып кеттік. Себебі ол қорға ай сайын жарнасын жіберу керек болды. Ал бір ай төлемесең, қордың тәртібі бойынша шығарып тастайды. Биыл жеке тұлға ретінде өзім барып, құжат жинап тапсырамын дедім. Диагнозды растайтын медициналық құжаттар бар. Өзімнің бір көзімнің нашар көруіне байланысты мүгедектігім бар. Балам науқас болғандықтан, балаға тәулік бойы күтім керек. Ол жиі ауырады. Сол себепті жұмыс та істей алмаймын. Онлайн жұмыс істейін десем, балам қасында отырғанымды қалайды. Осы себепті барлық жұмысымнан шығып кеттім», - дейді жалғызбасты ана.

Оның айтуынша, бұл жолы ол баласына аяқ киім сұрағысы келген. .

«Аяқ киім не сыртқы киім алуды қалаған едік. Бірақ, тілегін тек арнайы қорлар арқылы ғана тіркелгендер бере алады екен. Ал біз ондай қорларға ережеміз бойынша тіркеле алмаймыз. Ай сайынғы жарнасын да бере алмаймыз. Мен 2019 жылдан бері мүмкіндігі шектеулі балаларды асырап отырған ата-аналардың мәселесін көтеріп жүрмін. «Хан шатырдағы» «Тілек ағашына» біздің хатымызды қабылдаса, бізге айтарлықтай көмек болар еді. Біз ортопедиялық аяқ киім қалағанбыз. Қазір әлеуметтік портал арқылы бізге тегін аяқ киім беріледі. Бірақ олардың сапасы нашар, өлшемдері келмей қалады. Ол бойынша министрлікке де өтініш түсірген едім. Осындай акциялар аясында сыйлықты тегін берсе, мен сияқты жалғызбасты аналарға өте үлкен көмек. Себебі асыраушымыз жоқ. Қорларға жалынып жүрмейтін едік. Баламның әкесі тірі болғанда, кем дегенде 200-300 мың теңге алып келетін еді», - дейді Қымбат Керейбай.

Ол барлық қордан баласының еміне көмек көрсетуді сұраған.

«Мен барлық қорларға баламның еміне көмектесуін сұрадым. Бірақ барлығы «сіздің диагнозыңыздағы балаға көмектеспейміз» дейді. ДЦП диагнозындағы балаларды оңалтатын іс-шаралары қалмады. Қорлардан балаларымыздың оңалтуына көмек сұраймыз. Біз олардан Дубайға жолдама бер, алтын алып бер деп отырған жоқпыз ғой. Мысалы, мен үй кезегінде 13 жыл тұрмын. Бірақ әлі де баспана алмадым. Балалар да тез жетіледі. Киімдері қысқарып, ескіре береді. Қорлардың барлығы дәл біздің диагнозға көмектеспейді. Өкінішке қарай, жағдай осылай болып отыр. Біз қорларға неге байланып отыруымыз керек. Баламмен үнемі жалғыз отырғандықтан, әлеуметтік қызметкер де сұрадым. Алайда бізде заң бойынша ондай көмек жоқ екен. Енді «Тілек ағашын» да қорларға тәуелді етіп қойған», - дейді Қымбат Керейбай.

«Тілек Ағашы» деген дәстүр «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығында 2011 жылдың қазан айынан басталған. Ағаш сауда орталығының қақ ортасында тұр. Оған мүмкіндігі аз адамдардың балалары келіп, хат жазып кетеді. Хатында қолы жетпей жүрген бір дүние сұрайды. Сауда орталығына келген халық қалауы бойынша бір хатты таңдап, хат жазған баланың арманын орындайды.

Тілек ағашынан басқа, ағаштың жанында қаржы жинау жәшігі бар. Қаржы жәшігінен жиналған ақша солардың тілектері ұзақ уақыт бойы орындалмай қалған балаларға сыйлықтар сатып алуға жұмсалады.

Редакция «Хан шатыр» сауда орталығына «Тілек ағашы» акциясына байланысты хабарласты. Орталықтың әкімшілігі ол акцияға шынымен қорларға тіркелген балалар ғана қатыса алатынын айтты. Яғни, тек «Береке» мен «Батыр» қоры арқылы тіркелгендер акцияға қатысып, хатын жолдай алады.