Күдіктілер әпкесі мен сіңілісі және олардың бірінің күйеуі.
ERNUR.KZ. Полицейлер Қазақстанда қаңтардағы бүлік кезінде ұрлық жасаған үш азаматтан 200-ден астам затты тәркіледі, деп жазады Zakon.kz.
ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаментінің жедел-тергеу тобы Алматы қаласындағы әуежай ғимаратында орналасқан дүкенді тонау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмысын жүргізіп жатыр.
Көліктегі полиция департаментінің бастығы Оңал Бекиевтің айтуынша, абоненттік байланыс, сондай-ақ бейнебақылау камераларынан түсірілген бейнежазбаларды қарау кезінде үш күдікті анықталған: әпкесі мен сіңілісі және олардың бірінің күйеуі. Олардың барлығы Алматы облысының тұрғындары.
Анықталғандай, қаңтардың 5-інен 6-сына қараған түні тәртіпсіздіктер кезінде жоғарыда аталған азаматтар әуежайда бөтеннің мүлкін ұрлап кеткен. Күдіктілердің тұрғылықты жері бойынша тексеру кезінде заттай айғақ – элиталық алкоголь, сондай-ақ 130 дана парфюмериялық және косметикалық өнімдер тәркіленді. Сонымен қатар кофеханадан, кәдесыйлар дүкенінен және дәріханадан ұрланған тауарлар алынды.Көліктегі полиция департаментінің басшысы Оңал Бекиев
Аталған факті бойынша ҚР ҚК 188-бабы, яғни ұрлық бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, 40 жастағы ер адамға қатысты «қамауға алу» түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды, 34 жастағы және 26 жастағы әйелдерге қатысты жас балаларының болуына байланысты «ешқайда кетпеу және өзін дұрыс ұстау туралы қолхат» түріндегі бұлтартпау шарасы қабылданды.