Мамандар мұнын себебін Тянь-Шань мұздықтарының еруі мен жауын-шашынның көп болуымен байланыстырады.
ERNUR.KZ. Алматы облысындағы Қапшағай су қоймасы соңғы 10 жылда алғаш рет 18 млрд текше метрден артық су жинап, 100%-ға толды. Су қоймасы Қытай аумағынан бастау алатын трансшекаралық Іле өзенінің суын жинайды. Биыл көктемде секундына 900 текше метрге дейін су келген, деп жазады inform.kz.
Мамандар мұнын себебін Тянь-Шань мұздықтарының еруі мен жауын-шашынның көп болуымен байланыстырады.
«Қапшағай су қоймасы соңғы рет 2014 жылы 100%-ға толған болатын. Суару маусымы басталғалы Шеңгелді алқабының 6 мың гектар және Ақдала алқабының 28 мың гектар жеріне су берілуде. Бүгінгі таңда шаруалардың сұранысы бойынша секундына 750 текше метр су жіберіліп жатыр», - деді Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары Медет Керімжанов.
Қазір Қапшағай су қоймасында 16 млрд 200 млн текше метр су бар. Облыста вегетация кезеңі қыркүйектің соңына дейін жалғасады. Одан кейін су тасқыны кезеңіне дайындық басталады.
Айта кету керек, Су ресурстары және ирригация министрлігі Қазақстан мен Қытай арасындағы трансшекаралық өзендердің суын бөлу мәселесі бойынша үкіметаралық келісім жобасын әзірлеп жатыр. Оның ішінде үш ірі трансшекаралық өзен: Ертіс, Іле және Емел бар. Бүгінде тараптар су бөлу мәселесі бойынша келісімнің бірқатар баптары бойынша ортақ мәмілеге келді.