Мерекелік отырыс барысында әйелдің досы оны өзгеден қызғанып, оған қол жұмсаған.
ERNUR.KZ. Қарағандылық полицейлер үйдің үшінші қабатынан секіріп кетпекші болған әйелді құтқарып қалды, деп жазады Azattyq Rýhy.
29 қаңтар күні Қарағанды қалалық Полиция басқармасы патрульдік полиция полкінің қызмет инспекторлары Камал Давыдовпен Тоқпанбай Елшат қала орталығында қоғамдық қауіпсіздікті қадағалау мақсатында қызмет өткеруге түскен. Сағат 23.45 шамасында оларға Жедел басқару орталығынан Лобады көшесіндегі көпқабатты үйлердің бірінде белгісіз әйел үшінші қабаттан секірмекші болып тұр деген ақпарат түскен. Араға бірнеше минут салып полицейлер өздеріне берілген бағыттама бойынша мекенжайға келген.
«Оқиға орынына келгенімізде қапталған балкон қоршауынан шығып тұрған әйелді көрдік. Артық бір қимыл жасап қалса әйел құлап кететін еді. Бізде әр уақыт, әр минут санаулы болды. Әріптесім екеуміз көпқабатты үйдің дәлізіне кіріп, өзімізге қажетті пәтерді тауып алдық. Алайда ол пәтердің есігін бізге ешкім ашпады. Бір қабат төмен түскенімізде бізге екінші қабаттан бізге егде тартқан әйел есік ашты. Зейнеткерге оқиғаның мән-жайын түсіндіріп, ол үйге кірдік. Сол үйдің балконы арқылы үшінші қабатқа көтерілдік. Балконға көтерілгеннен кейін секірмекші болып тұрған әйелді қысып ұстап алдым. Басында біздің құтқарып қалғанымызды жақтырмай, артық қимыл жасағысы келген әйел кейін біздің айтқанымызға көнді. Кейін оны балконның қоршауы арқылы ұстап тұрып, есігіне қарай жылжытып алдым», – дейді Камал Давыдов.
«Камалға жалғыз өзі балконның сыртына шығып кеткен келіншекті үйге қайта кіргізу мүмкін емес еді. Сондықтан да мен бізге есік ашқан зейнеткердің үйінен қайта шығып, үшінші қабатқа көтеріліп, әйел тұрған үйдің есігін бұзып, ішке кіріп, балконда тұрған әйелді ішке кіргізуге көмектестім», – дейді Тоқпанбай Елшат.
Кейін анықталғандай, өз-өзіне қол жұмсап, көпқабатты үйден секіріп кетпекші болған әйел сол пәтерді өзінің досымен жалға алып, бір мерекені атап өтпекші болған. Сол жерге олар өздерінің достарын да шақырған. Мерекелік отырыс барысында әйелдің досы оны өзгеден қызғанып, оған қол жұмсаған. Осыған көңілі қалған әйел қасындағылар ұйқыға кеткенде өз-өзіне қол жұмсамақшы болған. Алайда полиция қызметкерлерінің жедел әрекеттерінің арқасында әйел бір қатерден аман қалды.