Олардың ішінде әкімдік қызметкерлері, түрлі мекемелердің өккілдері, тұрғындар мен еріктілер болған.
Біздің елімізде бүкіл әлемдегі секілді экологиялық мәселелер күн тәртібінен түскен емес. Сондықтан экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған түрлі мемлекеттік және ұлттық бағдарламалар қолға алынып, өңірлерде түрлі жұмыстар атқарылып келеді. Мәселен, сондай бағдарламалардың бірі – «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы. Осы орайда Қарағанды өңірінде жыл басынан бері атқарылған жұмыстарға тоқталмақпыз.
Мәселен, наурыз айында өңір басшылығы қарағандылықтарды «Жер сағаты» деп аталатын әлемдік экологиялық науқанға қатысуға шақырып, оны құп көрген азаматтар бір сағат бойы түрлі жолдармен электр қуатын үнемдеуге үлес қосты. Атап өтсек, біз айтып отырған эко-акция 15 жылдан астам уақыт бойы Әлемдік жабайы табиғат ұйымының үндеуімен іске асырылып келеді. Бұл науқанды жер бетіндегі жүз сексен ел қолдап, сол елдердегі барлық ұйымдар мен жеке нысандар жарық үнемдеуге атсалысып келе жатыр екен. Осыған орай биыл Қарағандыда концерт, экологиялық түрлі ойындар мен көлеңке арқылы қойылатын театр да ұйымдастырылған.
Одан бөлек, сәуір айының ортасында Қарағандыдағы іргелі оқу ордасы – Е.А.Бөкетов университеті «Дармарка» деп аталатын науқанды бастады. Бұл акция аясында азаматтар өздеріне қажетсіз заттарды көрмеге қойып, керекті дүниелердің алып кете алады. Акцияны ұйымдастырған азаматтардың пікіріне сүйенсек, бұл науқанда адамдар өздеріне керек заттарды тауып қана қоймай, табиғи ресурстарды үнемдеп, қоршаған ортадағы дүниелерді дұрыс тұтынуға дағдыланады екен.
Ал, Балқашта осы айдағы демалыс күндері сенбілік жұмыстары өткізіліп, науқанға қатысқан бір жарым мыңға жуық адам табиғатты ластап жатқан 300 куб көлеміндегі қалдықты жинады. Олардың ішінде әкімдік қызметкерлері, түрлі мекемелердің өккілдері, тұрғындар мен еріктілер болған.
Сонымен бірге, сәуір айында біз айтқан «Жасыл Қазақстан» ұлттық бағдарламасын табысты іске асыру шеңберінде облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Экология және балалар» атты ғылыми және әдістемелік конференциясыны жүзеге асырды. Бұл іс-шараға ұстаздар мен шәкірттер қатысып, экологиялық сананы қалыптастыратын сабақтар мен тәжірибелерді талқылады. Одан бөлек, оқушылар даярлаған үздік экологиялық жобалар таныстырылып, табиғатты қорғау, экологиялық тұрғыдан таза болып саналатын технологияларды білім беру үрдісіне енгізу және мектеп мүшелерін ұлттық жобаға тарту жұмыстары атқарылған.
Қарағанды өңірінде іске асырылған тағы бір ерекше жоба – қоқыс қалдықтарын дұрыс тастауға бағытталған «Бөл! Тапсыр! Қайта өңде!» акциясы. Аталған акция шеңберінде экологтар мен білікті мамандар оқушыларға қоқысты қалай өңдейтінін түсіндіріп, қалдықтарды дұрыс бөліп тастау, табиғатқа зияны көп заттардан бас тарту сынды сабақтар өткізді. Одан бөлек, өңірдегі барлық қала мен елдімекендерде іске асырылған жоба аясында сенбілік сынды экологиялық акциялар ұйымдастырып, мектептердің ауласына қоқысты дұрыс бөліп тастауға арналған жәгіктер орнатылады деп жоспарланған.
Ал, мамыр айында Шахтинск шаһарындағы орман алқабында «Жүгіре отырып тазалаймыз» деген ұранмен эко-марафон ұйымдастырылған. Жоба шеңберінде оқушылар 500 және мың метр қашықтыққа жүгіре отырып қоқыс тазаласа, экология саласының мамандары табиғатқа қамқорлық жасау туралы дәрістер өткен. Келер жылы аталған акцияға барлық мектептерді тарту жоспарланып отыр. Осы қаладағы тағы бір жағымды жаңалы – ауқымды сенбілік өткізіліп, оған қатысқан азаматтардың бір мезетте төрт тоннадан астам қоқыс жинауы болды. «Киелі табиғат» деп аталған бұл акцияға «Жасыл ел» жастары мен волонтерлар белсене атсалысқан.
Сондай-ақ, биыл Қарағанды өңірінде 165 жаңа қоғамдық көлік қызметке кірісетіні айтылған. Жүргізуші мен жолаушыларға керекті және қауіпсіздік пен тәртіпті сақтауға қажетті барлық жабдық орналастырылған бұл автобустардың экологиялық тұрғыдан артықшылығы – «Еуро-5» талаптарына сәйкес келетіндігі. Дәлірек айтсақ, метан газымен жұмыс істейтін қоғамдық көліктер қоршаған ортаға зиянды қалдықтарды өте аз шығарады екен.
Ең қызығы – теміртаулықтар қоқыстар мен қалдықтардың жаңа әрі экологиялық тұрғыдан таза әдісін тауып, қаланың тоғыз нүктесіндегі қоқыс жәшіктерінің орнына жер астында тұратын темір ыдыстарды орнатты. Жалпы саны отыз қоқыс жәшігінің әрқайсысына екі текше метр қоқыс сыйады екен. Сәйкесінше бұл ыдыстарға тасталған қалдықтар шашылып, айналаға жағымсыз иіс таратып жатпайды.
Қарағандылықтар қыркүйек айында өткен әлемдік тазалық тәулігіне де белсене қатысып, қалдықтарды сұрыптап жинау тәсілімен өткен іс-шарада жүздеген қап қоқыс терілді. Одан бөлек, өңір экологтары азаматтарды айналаға дұрыс қарауға шақырып жатыр. Өйткені, соңғы уақытта облыс аумағында заңсыз қоқыс алаңдары көбейіп кеткен екен. Мұндай деректер жкологтар мен полицейлердің бірлесе атқарған жұмыстары барысында анықталыпты. Сәйкесінше, қоршаған ортаны ластағандарға 50-300 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынатынын ескерткен. Сонымен бірге, қарағандылық экологтар тұрғындары сенбілік жұмыстарына та тоқтаусыз шақырып келеді. Мұндай мақсат – қоршаған ортаға жанашырлықпен қарайтын адамдардың санын арттыру екендігі сөзсіз.
Ал қараша айында өңірде жасыл энергетиканы дамыту шеңберінде облыс көлеміндегі бесінші күн электр стансасы ашылды. 4,77 МВт қуаттылыққа ие инвестициялық жобаны жеке инвесторлар өз қаражаттары есебінен салған. Небары 8 айда салынған стансаның аумағы он гектарды құрайды. Мұндағы екі беттік панельдер күннен де, шағылысқан сәулелерден де қуат алады екен.
Қарағанды өңіріндегі экологиялық іс-шаралар өз нәтижесін беретініне сенім мол.
Б.Мейірханұлы,