Келген туристер баға мен қызмет көрсету сапасы бір-біріне сай келмейді дейді.
ERNUR.KZ. Қазақстанда Бурабай курорттық аймағында демалу құны 15 пайыз көтерілген. Бағасына қарамастан көрікті мекенге жыл сайын 1 миллионнан астам турист келеді. Осыған орай депутаттар Бурабайдағы бизнеске дереу тексеріс жүргізуді ұсынды, деп жазады stan.kz.
Туристердің айтуынша, бағасы шарықтаған туристік орында бүркітпен суретке түсу үшін 2000 теңге, тумен фотоға түсуге 5000 теңге төлейсіз. Ал қайықпен жүзіп келу үшін 6000 теңге керек. Демалыс орындары мен тамақтардың құны тіптен қымбат дейді.
“Прокатқа суретке түсудің өзі көп, кәдімгідей қарапайым халықтың қалтасын көтермейтін ақша. Мысалы, ауылдық жерге барып, Бурабай ауылына барып үйге тұрақтамаса, отельде тұрақтау қарапайым халыққа қымбатқа түседі. 1 күнге қалу үшін 50-80 мың сұрап тұрады. Менің ойымша бағасын түсірсе, туристер бұдан да көбейеді деп ойлаймын”, – дейді турист Іңкәр Қайыпбек.
Келген туристер баға мен қызмет көрсету сапасы бір-біріне сай келмейді дейді. Пайда табуды ойлайтын кәсіпкерлер көп дүниеге көңіл бөлмейді екен.
“Баға қымбат болғанымен қоймай қызмет көрсету сапасы төмен. Мысалы, жағалауда киім ауыстыру үшін 200 теңге төлеуің керек. Бұл әрине көп ақша емес, бірақ десе де, тегін жасауға болар еді. Дәретхана мәселесі де қиын. Іздеп жүріп, әрең табамыз”, – дейді турист Ирина Чайкова.
Ал облыстық туризм басқармасының басшысы кәсіпкерлер бағаны өздері қояды, шектеу жоқ деп отыр. Біз тек түсіндіру жұмысын жүргіземіз дейді олар.