Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола және СҚО әкімдеріне бірқатар тапсырма берді

0
1 772

Әкімдер Президентке өңірлердегі қазіргі ахуал туралы баяндады.


Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола және СҚО әкімдеріне бірқатар тапсырма берді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдерімен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли әкімдер Президентке өңірлердегі қазіргі ахуал туралы баяндағанын айтты.


«Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, су тасқынының алдын алу шаралары, вакцина салу барысы, Аршалы және Целиноград аудандарын көгілдір отынмен қамтамасыз ету мәселелері, Президенттің Қосшы ауылының әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдық жағдайын жақсартуға қатысты бұған дейін берген тапсырмасының орындалу барысы жайында ақпарат берді.

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов аймақтағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдай, су тасқынын болдырмауға қатысты қабылданып жатқан шаралар, көктемгі егін егу жұмыстарына дайындық барысы, жұмыс күші көп өңірлерден Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аударып жатқан азаматтарды «Еңбек» бағдарламасы бойынша баспанамен қамту мәселесі жайында айтты», - деп жазды Б.Уәли facebook парақшасында.


Әңгімелесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Ермек Маржықпаев пен Құмар Ақсақаловқа аймақтардағы санитарлық-эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыруға, көктемгі егіс науқанын жоғары деңгейде атқаруға және тағы да басқа мәселелерге қатысты бірқатар тапсырма берді.