"Қатты алаңдап отырмын": Баян Алагөзова облыс әкіміне видео үндеу жасады

0
855

Якорь ауылының тұрғындары жылдар бойы ауыз судың азабын тартып келеді. Бастамашыл топ актрисаға өтініш айтты, өйткені оларға ешкім көмектесе алмай отыр. Алагөзова Солтүстік Қазақстан облысының әкімінен мәселені шешуді сұрады.


ERNUR.KZ. Белгілі қазақстандық актриса, продюсер Баян Алагөзова Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловтан Якорь ауылын сумен жабдықтау проблемасын шешуді сұрады, деп жазады sputnik.kz.


Баян Алагөзова өзінің Instagram парақшасында өзінің видео үндеуін жариялады.

"Якорь ауылында тұратын екі мың адам бес жылдан бері сусыз отыр. Бес жылдан бері! Әкімдікке хат жазып, БАҚ-ты шақырса да, еститіндері бір жауап: "құбырлар ескі, оларды ауыстыру керек". Бірақ қашан ауыстырылатынын айтпайды. Мен бұл мәселеге қатты алаңдап отырмын, сондықтан әкімдікке, нақтырақ айтқанда Солтүстік Қазақстан облысының әкіміне сөз арнаймын. Құрметті Құмар Іргебайұлы, сізден аталған мәселеге назар аударып, бақылауға алуыңызды сұраймын", - деді Баян Алагөзова.

Сондай-ақ продюсер ауыл тұрғындарына жағдайды бақылап отыруға уәде беріп, фото, видео және басқа да материалдарды жіберіп, мән-жайдан хабардар етіп отыруды өтінді.

"Тиісті органдар мені естиді және бұл мәселе шешіледі деп үміттенемін. Бұл мәселені шешуге ақша бірнеше рет бөлінгендіктен, құбырларды ауыстыруға қарастырылған ақшаның қайда "ағып" жатқанын тергеп, анықтауды сұраймын", - деп түйіндеді Алагөзова.
Якорь ауылының тұрғыны Екатерина бастамашыл топ ашынғаннан актрисадан көмек сұрағанын айтты, өйткені оларға ешкім көмектеспей отыр. "Баян бірден жауап берді. Ол бірнеше жыл бойы жинақталған барлық материалды жіберуді өтінді. Бізге көмектеседі деп үміттенеміз", - дейді ауыл тұрғыны. Якорь ауылы Петропавлдан небәрі 19 шақырым қашықтықта орналасқан. Ауылда үйлердің көпшілігі орталық су құбырына қосылғанмен, құбырлардың ескіруіне байланысты су әлсіз қысыммен және сағатпен беріледі, ал ол кейбір көшелерге мүлдем жетпейді. Якорь тұрғындары судың әр тамшысын үнемдеуге мәжбүр. Олардың судың сапасына да шағымы бар.


"Судан жағымсыз иіс шығады. Су лайланған, кейде сары-қоңыр түске енеді. Жақында Бескөлде адамдар судан уланды, бізде де улануымыз мүмкін. Сондықтан ішетін суды дүкеннен сатып аламыз, ол өте қымбат", - деді Sputnik Қазақстанға ауыл тұрғыны Ирина.
Халық құзырлы органдарға бірнеше рет шағым түсірген. Еститіндері бір ғана жауап – ескі құбырлар тозған. Мұндағы су тарату желілері өткен ғасырдың 70-жылдарында салыныпты, жергілікті шенеуніктердің айтуынша, егер қысымды күшейтсе, құбырлар жарыла бастайтын көрінеді, содан кейін ауылда су мүлдем болмайды. Билік елді мекен ішіндегі су тарату желілерін жөндеуге уәде беріп отыр. Жұмыстың қашан басталатыны әзірге белгісіз.