Қазақша аудармасы сапасыз фильм көрсеткендер прокаттау куәлігінен айырылады

0
2 869

​Шет тіліндегі фильмдердің аудармасы мен субтитріне қосымша талаптар енгізілмек.


Қазақша аудармасы сапасыз фильм көрсеткендер прокаттау куәлігінен айырылады

ERNUR.KZ. Бұдан былай Қазақстан аумағында фильм прокаттау кезінде аударманы тіл заңдылықтарына сай аудармау ақпаратты бұрмалау болып есептелуі мүмкін, деп жазады inbusiness.kz.

Мәжіліске «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын таныстыруға келген Мәдениет, спорт және туризм министрі Ақтоты Райымқұловаға депутат Жұлдыз Сүлейменова кино тіліне қойылатын талаптарды сақтаудың тетіктері туралы сауал қойды.

«Қазақ тілінде емес фильмдердің көрсетілуі мен прокатталуы кезінде қазақ тілінде дубляж жасау, субтитрленуге, не кадр сыртындағы аудармамен қамтамасыз етуге тиіс екендігі көзделген. Осы орайда заң жобасында филмьдерге қазақ тілінде дубляж жасау субтитрлеу немесе кадр сыртында аудармамен қамтамасыз ету кезінде орфография және аударма нормаларына сәйкес сөздердің орын тәртібін сақтау, оның дыбысталу нормаларының сақталуы және сөздерді дұрыс құрастыруға байланысты бірқатар қосымша талаптар енгізіліп отыр. Осы талаптардың орындалғанын қалай тексермекшісіздер», - деді дедпутат.

Министрдің айтуынша, жаңа талаптар сақталмаса, ондай прокаттаушының әрекеті ақпаратты бұрмалау деп қарастырылуы мүмкін.

«Аталған нормаларды бұзу туралы шағымдар түсе берсе, онда заңның бабы бойынша екі айға дейін прокаттау куәлігін тоқтата аламыз. Республикамызға кіретін фильмдердің бәрі прокаттау куәлігін алады. Егер осы нормаларды орындамай, мысалы, мәтіндерді бұзып шығарып, орфографиялық және басқа да талаптарды сақтамаса, прокаттау куәлігін кері қайтарып алуға да құқығымыз бар. Бұл жерде ақпаратты бұрмалау фактісі ретінде қарастырылады», - деді ведомство басшысы.