Қазақстан қайырымдылық рейтингінде 14 сатыға көтерілді

0
698

Елімізде қайырымдылық саласында оң өзгерістер байқалып отыр. Соның ішінде халықаралық рейтингтегі көрсеткіштері жақсарып келеді.


Қазақстан қайырымдылық рейтингінде 14 сатыға көтерілді

ERNUR.KZ. The World Giving Index қайырымдылық индексінің 2022 жылғы деректеріне сәйкес, қайырымдылық рейтингінде Қазақстан 119 елдің арасында 54-орыннан 40-орынға көтерілді, деп жазады inbusiness.kz.

Аталған көрсеткіш зерттелетін елдердегі қала тұрғындарының сауалнамалары нәтижелеріне негізделіп, адамдардың ақшалай түрде қайырымдылық жасауын, қайырымдылық білдіруге ниет білдірген халықтың үлесін ескереді.

Қайырымдылыққа ел халқынан бөлек, квазимемлекеттік секторды қоса алғанда ірі компаниялар да қатысады.

Мысалы, 2021 жылдың қорытындысы бойынша "Самұрық-Қазына" қайырымдылық көмек аясында жалпы сомасы 7,1 млрд теңгеге 500 мыңнан астам бенефициарды қамтитын 32 жобаны жүзеге асырды. Оның негізгі үлесі әлеуметтік және медициналық секторларда іске асырылған қайырымдылық жобаларына тиесілі (жалпы соманың 39%-ы).

Сонымен қатар елдегі тағы бір ірі холдинг "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ 120 млн теңгеге демеушілік көмек бойынша 2 жобаны іске асырды. Компания қайырымдылық шараларына ("Мектепке жол" акциясы, "Донор күні", "Open Hearts" қайырымдылық жәрмеңкесі және т.б.) қатысты.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Қадыровтың хабарлауынша, соңғы екі жылда елдегі қайырымдылық ұйымдарының саны 20%-ға артып, 1 мыңнан асқан. Ірі қайырымдылық қорларының әлеуметтік жұмысының ауқымы үлкен. Соңғы жылдары қайырымдылықтың басым бағыттарына жетімдерге (54,31%) және ауыр сырқаттары бар балаларға (48,8%) көмек көрсету жатады.