Қазақстан канадалық компанияға қарсы төрелік сотты жеңді

0
572

Шетелдік компания қарсы тараптан 917 млн доллар талап еткен.


Қазақстан канадалық компанияға қарсы төрелік сотты жеңді

ERNUR.KZ. 1996 жылы «Қазақалтын» АҚ кәсіпорнын өз басқаруына алған канадалық «Gold Pool JV Ltd» компаниясы Қазақстан тарапы келісімшарт талаптарын бұзды деген айыппен 2016 жылы сотқа жүгінген болатын. 2020 жылдың 30 шілдесінде Төрелік трибунал аталған істің сот қарауына жатпайтынын және оны тоқтату туралы бірауыздан шешім қабылдады, деп жазады inbusiness.kz.


«Талап арыздың сомасы 917 млн АҚШ долларын құрады. 1996 жылғы наурызда «Gold Pool» компаниясы кәсіпорынның қарыздарын өтеу, өндірісті қалпына келтіру және жаңғырту, қолайлы қаржылық жағдай жасау және тиімді нарықтық стратегия жасау мақсатында «Қазақалтын» АҚ-ны басқаруына алды. «Gold Pool» келісімшарт бойынша өз міндеттемелерін орындай алмады», – деп жазылған хабарламада.


Нәтижесінде ұзақ уақыт бойы төленбеген жалақы бойынша кәсіпорын қызметкерлерінің алдындағы берешегі тұрақты түрде өскен. Кәсіпорынның алтын кен орындарындағы шахталары қараусыз қалып, су басқан.


«Кәсіпорынның жұмысшылар мен мердігерлер алдындағы қарыздары өсе берді. Басқарушы компания өзінің қаржылық дәрменсіздігін көрсетті және іс жүзінде банкротқа ұшырады. Сәтсіз жұмыс нәтижесінде ауылдар жылыту маусымына дайын болмай, тұрғындар зардап шекті. Бірнеше рет жасалған ескертулерден және кемшіліктерді түзетуге уақыт берілгеннен кейін, аталған жүйелі тәртіп бұзушылықтарға байланысты 1997 жылғы тамызда басқарушы компаниямен келісімшарт бұзылды», – дейді компаниядан.


Алайда аталған компания көп ұзамай мемлекеттік органдарға қарсы халықаралық коммерциялық төрелікке жүгінген. Кейін кәсіпорын заңды талаптары бойынша іс жүргізуді тоқтатып, араға 17 жыл салып қайта сотқа шағымданған. Әйтсе де қазақстандық заңнамаға сәйкес 2000 жылы келісімшартқа талап қою мерзімі аяқталған. Соған қарамастан 2016 жылдың наурыз айында талапкер Төрелік трибуналға арызданған.

Дегенмен Төрелік трибунал аталған істің сот қарауына жатпайтынын және оны тоқтату туралы бірауыздан шешім қабылдап, бұған қоса үкім шығарушы орган талапкерді қарсы тараптың іс бойынша шеккен барлық шығындарын өтеуін міндеттеді.