Қазақстан Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалық етеді

0
4 535

Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылдың соңына дейін қордың президенті болып сайланды.


Қазақстан Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалық етеді

ERNUR.KZ. 2024 жылдан бастап Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалық ету кезегі Қазақстанға өтті, деп жазады sputnik.kz.

Еліміз осы ұйымды алдағы үш жыл бойы басқарады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылдың соңына дейін қор президенті болып сайланды.
"Біз Орталық Азия мемлекеттерімен, сондай-ақ басқа да халықаралық ұйымдармен және қаржы институттарымен ынтымақтастықты арттыруды жоспарлап отырмыз. Биыл біз Дүниежүзілік банкпен бірге жүзеге асырылып жатқан Солтүстік Аралды сақтау жобасының екінші кезеңін бастаймыз. Арал теңізін құтқару – бұл ХАҚҚ-ға қатысушы барлық елдің бірлескен күш-жігерінің арқасында ғана орындалатын міндет. Алдағы үш жылда біз осы бағытта маңызды нәтижелерге қол жеткізуге ниеттіміз", - деді су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Халықаралық Аралды құтқару қорының құрамына Қазақстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан кіреді. Қор Арал теңізін құтқаруға және өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға, сондай-ақ жалпы әлеуметтік-экологиялық проблемаларды шешуге бағытталған бірлескен мемлекетаралық экологиялық және ғылыми-практикалық бағдарламалар мен жобаларды іске асырумен айналысады.