Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің арасында 1-ші орында.
ERNUR.KZ. Бұл туралы Сенаттағы полиция қызметіне қатысты Үкімет сағатында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев мәлім етті, деп жазады inbusiness.kz.
«Полицияның сервистік моделін заңнамалық қамтамасыз ету және ҚР ІІМ-ін бейінді емес функциялардан босату» тақырыбында баяндама жасаған ол, сөзін статистикалық деректерден бастады. «Ішкі істер органдарын реформалауды 2019 жылы Елбасы ұсынды. Соған байланысты арнайы Жол картасы қабылданды. Біріншіден, ішкі істер органдарының штат саны 11%-ға қысқарды. Қажет емес 1483 басқарушы лауазымдар жойылды. Екіншіден, полиция сервистік модельге көшті. «Global Peace Index» рейтингі бойынша Қазақстан қауіпсіздік жағынан 163 мемлекет арасында 70-ші орында. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің арасында 1-ші орында», - деді Ерлан Тұрғымбаев.
Ведомство басшысының айтуынша бұл рейтинг арнайы сауалнама негізінде жасалған. Зерттеу барысында респонденттердің 37%-ы полицияға толық, 38 %-ы жартылай сенетіндерін айтқан.
«Барлық қала мен аудандарда 252 «Азаматтарды қабылдау» орталықтары құрылды. Онда құқықтық және кеңес беру форматында көмек көрсетіледі. 2020 жылы 361 мың кеңес берілді, 205 мың өтініш қаралды. Әлеуметтік желілермен жұмыс күшейтілді. Фейсбукте барлық полиция басшыларының жеке аккаунттары ашылды. Учаскелік инспекторлар тұрғындардың чатына қосылды», – деді министр.