Қазақстанда 11 жастан асқан қыздарға папилломавирусына қарсы екпе салуға дайындық басталды

0
577

​Қазақстанда 11 жастан асқан қыздарды адам папилломавирусына қарсы екпеге дайындау жұмыстары басталды.


Қазақстанда 11 жастан асқан қыздарға папилломавирусына қарсы екпе салуға дайындық басталды

ERNUR.KZ. Дәрігерлер ата-аналарға вакцина қалай жұмыс істейтінін және не үшін қажет екенін түсіндіреді. Вакцинация ата-анасының жазбаша келісімімен жүргізіледі, деп жазады Stan.kz.


Сегізінші сынып оқушысының анасы Сандуғаш Қатбаева мектептегі медбикеден адам папилломавирусына қарсы вакцинация туралы хабар алғанын айтты. Мәселені зерттеп, 12 жасар қызыма екпе салуға келісімімді бердім дейді ол.

“Интернеттегі барлық ақпаратты зерттеп, медбикемен сөйлестім. Бұл болашақта баланы қауіпті аурудан қорғайтын өте маңызды вакцина. Сондықтан вакцина келген бойда қызыма екпе саламын”, – деді оқушы қыздың анасы.





11 жастан асқан қыздарға екпе салынады. Вакцина ата-анасының жазбаша келісімімен ғана жасалады. Өйткені 18 жасқа дейін баласының денсаулығына жауапты ата-ана. Мектептерде оқушылар мен олардың ата-аналарына екпе алудың неліктен маңызды екені, вакцина қалай жұмыс істейтіні және ол неден қорғайтыны жан-жақты түсіндіріледі.

“Ата-аналар мен оқушы қыздарға екпенің маңыздылығын түсіндіріп, сұрақтарға жауап береміз. Олар ақпаратпен толығырақ танысуы үшін буклеттер таратамыз. Жақында ата-аналармен жиналыс өткіздік. Көптеген адамдар вакцинацияға алдын ала келісімін берді, өйткені оның қаншалықты маңызды екенін түсінеді”, – деді №65 мектеп медбикесі Махаббат Нұрмахан.

Адам папилломавирусына қарсы вакцинация үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тарапынан сертификатталған және бүкіл әлемде қолданылатын америкалық 4 валентті Гардасил вакцинасы қолданылады. Вакцинация жасөспірімде жыныстық белсенділіктің басталуына дейін жүргізіледі, өйткені вирус жыныстық жолмен беріледі.

“Жазбаша келісімді мектептерде алу көзделіп отыр, себебі мектеп жасындағы балаларға екпе егу жоспарланып отыр. Мобильді топтар мектептерге барады, ал ата-анасы келісім берген қыздар медициналық пунктте егіледі”, – деді Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің департамент басшысы Нұршай Әзімбаева.

Адам папилломавирусы жатыр мойны обырын тудыруы мүмкін. Қазақстанда жыл сайын бұл дерттің 1900-ге жуық жаңа жағдайы тіркелсе, жыл сайын 600-ге жуық әйел осы дерттен көз жұмады. Қазан айының басында қыздарды адам папилломавирусына қарсы егу жоспарланып отыр.