Арқар ату лицензиясы негізінен шетелдік туристерге сатылмақ.
ERNUR.KZ. Келер жылы Қазақстанда шетелдік туристер үшін арқар атуға лицензия берілуі мүмкін, деп жазады ҚазАқпарат.
«Қазақ Туризм» ұлттық компаниясы халықаралық Wild Sheep Foundation қорымен бірге арқар санын әлемдік тәжірибе негізінде реттеуді жолға қоймақшы. Бес жылға арналған жобаны бастамашыл топ табиғатты қорғау саласына жауапты органдар мен ұйымдардың алдында таныстырды.
«Өткен ғасырдың орта шенінде АҚШ-та арқар тұқымдастардың саны күрт азайып кеткен болатын. 1960 жылы арқар аулау ісін заңдастыру қолға алынды. Ақылы лицензиядан түскен ақша оның популяциясын зерттеуге, браконьерлерден күзетуге бағытталды. Осының арқасында олардың саны қалпына келіп қана қоймай, бұрынғысынан көбейе түсті. Ең бастысы, арқардың тек аурушаңдары мен кәрілерін ғана атуға рұқсат етілді. Кейін бұл тәжірибені Мексика, Канада, Иран сияқты елдер пайдаланып, жемісін көрді. Қазір Моңғолия, Үндістан, Тәжікстан, Қырғыз Республикасы да арқар санын осы жолмен реттеп отыр. Былтырдан бері Қазақстанның шығысы мен орталығында арқар популяциясына ғылыми зерттеу жүргіздік. Соның нәтижесі шыққан соң жобаның екінші кезеңін бастаймыз», - дейді Wild Sheep Foundation қорының өкілі Курт Альт.
«Қазақ туризм» ұлттық компаниясының басқарма төрағасының кеңесшісі Батыр Сейкеновтің айтуынша, бұл жоба ауыл шаруашылығы министрлігіне ұсынылғалы екі жылға жуықтапты.
«Жоба дайын. Ауыл шаруашылығы министрлігінде басшылар жиі ауысатындықтан, бекіта алмай жүрміз. Бір министр қолдаса, екіншісі келіп тоқтатып тастайды. Ұсынысымыз осымен үшінші министрдің алдында жатыр. Осы жолы кедергісіз өтсе, келесі жылы лицензия бере бастайтын шығармыз. Америкалық бір бай үш арқарға алдын ала құн төлеп қойды», - дейді ол.
Арқар ату лицензиясы негізінен шетелдік туристерге сатылмақ. Бір бас арқар ату үшін шетелдік кемінде 100 мың АҚШ долларын төлеу тиіс.
«100 мың доллар деген ең бергі баға. Мысалы Қаратау арқары әлемде тек қазақ жерінде ғана кездеседі. Оның бағасы кемінде 250 мың доллар болуы тиіс. Бұдан бөлек транскасспилік, сауырлық, жоңғар, алатау арқары деген түрлері бар. Бәрі тек Қазақстан аумағында кездеседі. Біздегі кейбір арқарлар Қытай мен Түрікменстанда да бар. Бірақ оларда аң атуға тыйым салынған. Сондықтан арқар атуға құмар туристер біздің елге көз тігіп отыр», - дейді Батыр Сейкенов.
Жоба мемлекет тарапынан қолдау тапқан жағдайда жылына 30 арқарға лицензия беру көзделген.