Қазақстанда артист пен музыканттарға ай сайын ақша берілетін болды

0
557

Қазіргі уақытта елімізде осы санаттағы артистердің саны шамамен 200 адам.


Қазақстанда артист пен музыканттарға ай сайын ақша берілетін болды

ERNUR.KZ. Қазақстанда балет, би ансамбльдерінің, мемлекеттік цирк артистері мен үрмелі аспаптар оркестрлерінің музыканттары ай сайын әлеуметтік көмек алатын болады, деп жазады baq.kz.

Мәдениет және спорт министрі Асхат Ораловтың айтуынша, орташа айлық еңбекақының 60 пайызы мөлшеріндегі арнайы ақшалай төлемді кемінде 20 жылдық кәсіби еңбек өтілі бар, кәсіби қызметін тоқтатқан сала ардагерлері алуға құқылы.

Қазіргі уақытта елімізде осы санаттағы артистердің саны шамамен 200 адам.

Арнайы көмекті тағайындау Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен сала қызметкерлерін әлеуметтік жағынан қорғау және қолдау мақсатында заң жобасына өзгетулер мен толықтырулар енгізудің нәтижесінде іске асты.

Аталған мамандардың жұмысы денсаулық пен өмірге қауіп төндірумен байланысты екенін айта кету керек. Олар тұрақты физикалық және психологиялық жүктеме жағдайында жұмыс істейді.

Аталған мәселе жайында салалық кәсіподақ жиындарында, азаматтарды қабылдау кезінде, сондай-ақ халықпен кездесулер барысында да жиі айтылып келді. Белгілі бір жасқа жеткенде, физиологиялық және эстетикалық сипаттағы ерекшеліктерге байланысты көптеген артистер зейнеткерлік жасты күтпестен кәсіптен кетеді. Себебі 20-25 жылдық кәсіби қызметтен кейін көп жағдайда кәсіби ауруларға ұшырайды. Осыған байланысты министрлік сала ардагерлерін әлеуметтік тұрғыдан қорғау мақсатында ай сайынғы арнайы көмек тағайындады,- деді Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов.