Қазақстанда автокөліктердің электрон төлқұжатын рәсімдеу басталды

0
661

Сандық құжат көлік құралдарын сатуда алаяқтық жағдайларының санын азайтады.


Қазақстанда автокөліктердің электрон төлқұжатын рәсімдеу басталды

ERNUR.KZ. Қазақстанда 1 сәуірден бастап көлік құралдарының электрон паспорты ресімделіп жүр. Бұл туралы "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ (ҰАТ) мәлімдеді, деп жазады Tengrinews.kz.

"2021 жылдың 1 сәуірінен бастап "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен және Цифрлық даму, инновациялар, аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, Қазақстан Республикасының барлық аумағында "көлік құралдарының электрон паспорты" ұлттық жүйесін іске қосты.
Электрон құжат жаңа және әкелінетін автомобильдерге жасалады, ал тіркелген көліктерге меншік иесінің қалауы бойынша. Көлік құралдарын цифрландыру оның өмірлік циклін біздің елімізде ғана емес, Еуразиялық экономикалық одақ аумағында да қадағалауға мүмкіндік береді", - делінген хабарламада.

Электрон төлқұжатта көлік құралының техникалық сипаттамасы, меншік иесі туралы ақпарат, тіркелген жерлері, шектеулер туралы, кәдеге жарату алымын төлеу, кедендік шектеулер мен кедендік тазарту туралы мәліметтер, жол-көлік оқиғасы, техникалық бақылаудан өтуі туралы мәліметтер қамтылады.

ҰАТ өкілдері сандық құжат көлік құралдарын сатуда алаяқтық жағдайларының санын азайтады деп отыр.

Айта кетейік, жоба ЕАЭО елдері қол қойған Көлік құралдарына бірыңғай төлқұжат енгізу туралы келісім шеңберінде іске қосылды.