Жаңа енгізілім Қазақстанның аяқ киім нарығының барлық қатысушыларына – өндірушілерге, импорттаушыларға және бөлшек сауда дүкендеріне қатысты болады.
ERNUR.KZ. 2021 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда аяқ киімді міндетті цифрлық таңбалауды енгізу жоспарланып отыр, деп жазады ҚазАқпарат.
Бұл дегеніміз, барлық аяқ киім өндірушілер мен импорттаушылар өз тауарларын арнайы екі өлшемді Data Matrix кодымен таңбалауы керек. Барлық нормативтік-құқықтық актілер бекітілгеннен кейін, әлемнің басқа елдерінен, оның ішінде ЕАЭО-дан цифрлық таңбалаусыз тауар Қазақстан шекарасынан өте алмайды. Таңбаланбаған аяқ киімнің қалдықтарын жыл бойына сатуға болады.
Жаңа енгізілім Қазақстанның аяқ киім нарығының барлық қатысушыларына – өндірушілерге, импорттаушыларға және бөлшек сауда дүкендеріне қатысты болады. Атап айтқанда, аяқ киім айналымына қатысушылар тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануының ақпараттық жүйесінде (ТТҚАЖ) тіркелуге, сондай-ақ өз тауарларын Ұлттық каталогта тіркеуге тиіс болады. Таңбалау кодтары автоматты түрде ТТҚАЖ-да жасалады. Содан кейін оларды Data Matrix-ке түрлендіруге және басып шығару үшін жүктеуге болады.
«Қазір Қазақстанда аяқ киімді міндетті цифрлық таңбалауды енгізу үшін нормативтік-құқықтық базаны дайындау процедуралары өтіп жатыр. Бірақ біз импорттаушыларға, өндірушілерге және бөлшек сатушыларға нарықта жұмыс істеудің жаңа ережелеріне қазір дайындалуға кеңес береміз. Бизнес цифрлық таңбалау процесін неғұрлым ертерек бастаса, барлық кезеңдерді зерттеуге оның көп уақыты болады», - деді Цифрлық экономиканы дамыту орталығының бас директоры Бикеш Құрманғалиева.
Импорттаушылар тауарға Data Matrix цифрлық таңбалау кодын тауар мемлекеттік кедендік рәсімдерден өткенге дейін таңбалануы қажет. Өнімді басқа елдегі өндірісте немесе Қазақстан Республикасының аумағындағы кеден қоймасында таңбалауға болады.
Data Matrix коды тікелей аяқ киімге, сондай-ақ тауарлық жапсырмаға немесе тұтынушы қаптамасына енгізілуі мүмкін.
Цифрлық таңбалау нарықты сапасыз және Қазақстан аумағына заңсыз әкелінген өнімдерден тазартуға көмектеседі, сондай-ақ отандық өндірушілерді дамытуға серпін береді. Тұтынушы да өз пайдасын алады. Біріншіден, жаңа цифрлық белгі сатып алушы үшін өнімнің заңдылығы туралы белгі болады. Екіншіден, тұтынушы Naqty Onim арнайы мобильді қосымшасы арқылы Data Matrix кодын сканерлеп, тауар туралы толық ақпарат ала алады.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасында темекі өнімдерін міндетті цифрлық таңбалау 2020 жылғы 1 қазаннан бастап енгізілді. 2022 жылы фармацевтикалық препараттарды, алкоголь өнімдерін және жеңіл өнеркәсіп тауарларын міндетті цифрлық таңбалауды іске қосу жоспарланып отыр.