Қазақстанда бауыр трансплантациясы жасалған әйел үш күннен соң босанды

0
1 168

Ұлттық Акушерлік, гинекология және перинатология орталығында бірегей операция жасалды.


Қазақстанда бауыр трансплантациясы жасалған әйел үш күннен соң босанды

ERNUR.KZ. Қазақстандық дәрігерлер бауыр трансплантациясы жасалған әйелді үш күннен соң аман-есен босандырып алды, деп жазады sputnik.kz.

Ұлттық Акушерлік, гинекология және перинатология орталығында бірегей операция жасалды.

"Біз ерекше қиындыққа тап болдық. Қайтыс болған донордан бауыр трансплантациясы жүкті әйелге жасалды. Оның диагнозы өте ауыр болды: бірнеше созылмалы аурулары бар, екі кесарь операциясы жасалған. Жатырдағы операциядан кейінгі тыртық, анемия және басқа жағдайлар. Алайда қандай қиын болсын, дәрігерлер командасы тәуекелге бел буды", - дейді орталық басшысы.
Әйел жүктіліктің 36-шы аптасында болған. Басқарма төрағасының орынбасары Әлия Айымбетова, бөлім меңгерушісі Батыр Өскінбаев және акушер-гинеколог Венера Лян және басқа да ақ халаттылар консилиумы барлық талдауларды мұқият зерделеп, мерзімінен бұрын кесарь тілігін жүргізуді ұйғарған.
Дәрігердің айтуынша, операция ауыр болғанымен сәтті аяқталды. Салмағы 2 275 грамм және бойы 47 сантиметр нәресте өмірге аман-есен келді.
Операциядан кейін ана мен бала өздерін жақсы сезінгендіктен үйге шығарылды.
Бұған дейін алматылық дәрігерлер алғаш рет донорлық жүрек трансплантациясын жасаған болатын. Ең күрделі операция 6 сағаттан астам уақытқа созылды. Трансплантация кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ-де ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталықпен бірлесіп жүргізілді.