Қазақстанда иттің етінен ем іздегендер көбейген

0
775

Иттің етін саудалайтындардың дені, төрт аяқтыны көшеден атып ұстайды.


Қазақстанда  иттің етінен ем іздегендер көбейген

иллюстрациялық фото

ERNUR.KZ. Елде иттің етінен ем іздегендер көбейді. Вирусқа қарсы шипа деп әуелі зімбір, кейін лимон, сосын құйрық майға таласқан жұрт, енді жеті қазынаның біріне жармасып жатыр, деп жазады Еуразия бірінші арнасы.

Алғаш болып дабылды қарағандылық зооқорғаушылар қақты.
«Пандемия басталғалы ит етіне сұраныс бірнеше есе артты. Әсіресе, желіде жарнамалар тым көбейіп кетті. Иттің майын, етін, тіпті ит етінен әзірленген тағамдарды ұсынып жатыр. Өйткені халық арасында бұрыннан ит еті өкпе ауруларына ем болады деген тәмсіл бар» - дейді зооқорғаушы ИННА РАДЧЕНКО.
Желіге кірсең, жарнаманың түр-түрінен көз сүрінеді екен. Ит еті еліміздің әр өңірінен саудаланып жатыр. Ал ит етін саудалаушылардың бірі, сауданың қызып тұрғанын, қазір күніне кемі оншақты адам келетінін айтады.
«Естеріңізде болса, коронавирустың бірінші карантинінде имбьирь, хрен деді, олар қымбаттап кетті. Сондықтан сондай маркетинговый ходтар болды да. Бұл жерде иттің еті де ешқандай ем болмайды», дейді иммунолог ӘКІМ ТҰРСЫН.
Сондай-ақ, желідегі ақылайтқыштардың кеңесін тыңдамас бұрын, мына нәрсені де ұғып алған дұрыс. Иттің етін саудалайтындардың дені, төрт аяқтыны көшеден атып ұстайды дейді білетіндер. Сондықтан, вирустан емделемін деп, ковидтен де қауіпті инфекцияларға шалдықсаңыз, таңғалмаңыз!
«Сіз итті білмейміз не жейтінін. Ол мүмкін крысаны, көшеде жүріп қоқыстан тамақ ішуі мүмкін. Сондықтан ондағы токсиндардың барлығы барып, иттің ағзасында болады міндетті түрде. Ол піскенде де бактериялары өлгенімен, токсиндары өлмейді. Сондықтан пайдасынан гөрі оның зияны көп», дейді иммунолог ӘКІМ ТҰРСЫН.
Ал ит етіне қатысты шариғатымыз не дейді?
«Шариғатта ондай нәрселерге рұқсат етілмейді. Жалпы халықтың емінің ішінде суық тиген жағдайда борсықтың майы, сарышұнақтың майын пайдалану деген дүние бар. Бірақ жаппай пайдалануға діннің, шариғаттың рұқсаты жоқ», дейді дінтанушы КЕҢШІЛІК ТЫШҚАН.
Ал желідегі білгіштерге имандай сеніп, дертке дауа іздегендерге ақ халаттылар келесідей кеңес береді.
«Коронавирус ол жүйелі ауру. Ол бізде организмге қатты нагрузка береді. Ал токсиндерді шығаратын белоктор. Сондықтан ақуызы көп тағамдарды, дәрумені көп тағамдарды жеу керек», дейді иммунолог ӘКІМ ТҰРСЫН.
Осы ретте, айта кетейін, елімізде вирусты жеңген пациенттердің саны күн сайын артып жатыр, ауырғандардың 95 пайызына жуығы індеттен құлан таза айығып кеткен.