Қазақстанда мемлекет ұсынған жұмыстан бас тартқандарға жаза енгізіле ме?

0
407

Білімі мен біліктілігі жоқ азаматтар 800 мың теңге жалақы сұрайды, дейді министр.


Қазақстанда мемлекет ұсынған жұмыстан бас тартқандарға жаза енгізіле ме?

Фото: istockphoto.com

ERNUR.KZ. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі азаматтардың мемлекет ұсынған жұмыстан бас тарту мәселесін заңнамалық түрде қарастыруды ұсынды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Бүгін Мәжілісте өткен Үкімет сағатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова жұмыс істегісі келмейтін қазақстандықтар туралы сөз қозғап, осы саланы реттеуді ұсынды.

«Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысының Сергеевка ауылы дәнекерлеуші іздеп отыр, жалақысы – айына 600 мың теңге. Сондай жерге бармай жатқан азаматтар бар. Жұмысқа шығыңыз, 300 мың теңге жалақы береміз десек, біліктілігі, білімі жоқ азаматтар 800 мың теңге айлық сұрайды. Біз құндылықтарымызды толығымен жоғалтып алдық. Мұны тәрбие және идеологиялық жұмыста ғана емес, заңнамалық түрде де реттеу қажет. Жұмыстан бас тартқаны үшін заңнаманы қатаңдату қажет», - деген еді Жақыпова.

Осыдан кейін кулуарда журналистер министрден «елімізде жатыпішерлік үшін жаза енгізуді ұсынып отырсыздар ма?» деп нақтылады.

«Мен заңнаманы қатаңдатуды емес, жұмыстан бас тарту мәселесін заңнамалық түрде қарастыруды ұсындым. Егер адам мемлекеттік қолдау шараларына үміткер болса, мысалы біз оған атаулы әлеуметтік көмек тағайындаймыз, оған қоса жұмыс ұсынамыз. Яғни оған мүмкіндік беріп отырмыз. Ал ол болса, мен атаулы әлеуметтік көмек қана аламын, жұмыс істемеймін деп бас тартады. Мұндай жағдайда біз оған «олай болса, сізге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалмайды» дейміз. Яғни, қазір осындай дүниелер бар, сол себепті басқа формаларын қарастыру қажет болады», - деп жауап берді Жақыпова.

Министр масылдарға КСРО кезіндегі сияқты жаза қайтарылмайтынын мәлімдеді. Есесіне енді мұқтаж азаматтардың барлығы әлеуметтік аудиттен өтеді.

«Егер адам мемлекеттік қолдау шараларына үміткер болса, ол міндетті түрде әлеуметтік аудиттен өтуі керек. Әлеуметтік аудит дегеніміз не? Бұл адамның барлық табысы мен шығысының декларациясы. Жақын арада біз мұны заңнамалық түрде бекітеміз. Әлеуметтік аудит азамат жұмысқа, жәрдемақыға, мемлекеттік қолдауға мұқтаж ба, жоқ па, соны көрсетеді», - дейді ведомство басшысы.