Қазақстан Президенті өңірлік тұрақтылық мәселесінде трансшекаралық су ресурстарын ұтымды пайдаланудың маңызы ерекше екендігін баса айтты.
ERNUR.KZ. Қазақстанда Өңірлік су және энергетикалық консорциум құру қажет. Мұндай ұсынысты БҰҰ Бас Ассамблеясы 75-сессиясының жалпы саяси дебаттарында сөз сөйлеген ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жасады, деп жазады ҚазАқпарат.
«Аймақтық ынтымақтастық мәселесін әрдайым басты назарда ұстаймыз. Қазіргі уақытта аймақтағы елдердің түрлі салалардағы өзара іс-қимылды едәуір кеңейтуіне байланысты Орталық Азия қарқынды дамып келеді. Өркендеген, қуатты және біртұтас Орталық Азия өңірлік және жаһандық тараптардың мүдделеріне сай келеді деп сенемін», - деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті өңірлік тұрақтылық мәселесінде трансшекаралық су ресурстарын ұтымды пайдаланудың маңызы ерекше екендігін баса айтты.
«Осыған байланысты біз Өңірлік су және энергетикалық консорциум құруды ұсынамыз. Орталық Азияны дамыту бағытындағы күн тәртібін үйлестіру үшін біз Алматы қаласындағы Орнықты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ-ның өңірлік орталығын институтқа айналдыруға ниеттіміз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.