Қазақстанда пәтер мен үйге иелік ету құқығын тіркеу қымбаттайды

0
578

Құжатты көпшілік талқылау 2 ақпанға дейін жалғасады.


Қазақстанда пәтер мен үйге иелік ету құқығын тіркеу қымбаттайды

ERNUR.KZ. Қазақстанда пәтерге немесе жеке үйге иелік ету құқығын мемлекеттік тіркеу бағасын 1073,7 теңгеден қосылған құн салығын есептемегенде, 1292,64 теңгеге дейін немесе бірден 20,4%-ке көтеру ұсынылды, деп жазады stan.kz.

Жаңа бағалар цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бұйрығының жылжымайтын мүлік құқын мемлекеттік тіркеу бойынша "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы қызметтері жобасында айтылған.

Сондай-ақ көппәтерлі тұрғын үйді тіркеу құны жеке тұлғалар үшін 12 518,61 теңгеге дейін, заңды тұлғалар үшін 17 178,6 теңгеден 15 589,54 теңгеге дейін арзандайды. Ал көлікжайды (гараж) тіркеу құны керісінше 1073,7 теңгеден қосылған құн салығын есептемегенде 1281,27 теңгеге дейін қымбаттайды.

Жер учаскесіне меншік құқығын және құқық ауыртпалығын тіркеу бағасы да азаматтар үшін 1127,72 теңгеге және заңды тұлғалар үшін 1073,7 теңгеден 1347,61 теңгеге дейін өседі. Жер учаскесін пайдалану құқығын (сервитут) тіркеу 1719,16 теңге (қазір 1073,7 теңге) болады.

Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы кондоминиум объектісін тіркеу қазір 2147,3 теңге болса, енді 767,55 теңгеге дейін арзандайды. Бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйе (БНАЖ) арқылы кондоминиум объектісін тіркеу 2998,72 теңге болмақ.

Жылжымайтын мүлікке құқық белгілейтін құжаттың бір нұсқасын беру қазір 536,6 теңге болса, енді 1169,42 теңге төлеуге тура келеді, яғни қызмет екі еседен астам қымбаттайды.

Құжатты көпшілік талқылау 2 ақпанға дейін жалғасады. Жылжымайтын мүлік құқын мемлекеттік тіркеу саласындағы "Азаматтарға арналған үкімет" қызметтерінің қазіргі бағасы 2018 жылы бекітілген еді.

Бұған дейін индустрия министрлігі Қазақстанда баспана сатып алуға байланысты алдын ала келісімдерге тыйым салынатынын мәлім етті.