Қазақстанда тағы 8 шетелдік ЖОО филиалы ашылады

0
390

Елімізде 2021 жылдан бастап әлемдік жоғары оқу орындарының 14 филиалы жұмыс істеуде.


Қазақстанда тағы 8 шетелдік ЖОО филиалы ашылады

ERNUR.KZ. ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақстанда шетелдік ЖОО филиалдарын ашу жұмыстары қалай жүріп жатқанын баяндады, деп жазады inform.kz.

«Мемлекет басшысы 2025 жылға қарай елімізде беделді шетелдік университеттердің кемінде 5 филиалын ашуды тапсырған болатын. Қазіргі таңда 20 жуық мықты шетелдік университет Қазақстанға шақырылды. Биыл жаңа оқу жылында тағы 8 филиал ашылады», — деді С. Нұрбек Орталық коммуникациялар қызметінде.

Айта кетейік, елімізде 2021 жылдан бастап әлемдік жоғары оқу орындарының 14 филиалы жұмыс істеуде.

2029 жылға қарай елдегі шетелдік ЖОО филиалдары ел экономикасына қажетті 2000-нан астам жоғары білікті маман даярлайды деп күтілуде.

Министрліктің хабарлауынша, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті базасында инженерлік салада магистрлерді даярлау бойынша Солтүстік-батыс политехникалық университетінің (ҚХР), Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің базасында — Гонконг қаласы университетінің филиалын ашу қарастырылған.

М.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің базасында Д. И. Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің филиалы ашылады.

Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті базасында — Гази университеті (Түркия) филиалы; Астана Халықаралық университеті базасында — Бейжің тілдер және мәдениет университеті (ҚХР) филиалы; Нархоз университеті базасында Квинс университетінің (Ирландия) филиалы ашылмақ.

Сондай-ақ, Оңтүстік Кореяның КАИСТ және Вусонг университеттерімен ынтымақтастық жұмысы жүріп жатыр.

Бұдан бөлек, елімізде үш шетелдік мықты университеттің толыққанды кампустары есігін ашады.

Шетелдік университеттер Қазақстанға инвестиция салып, ғимарат салады немесе оны сатып алады және британдық форматпен немесе шетелдік форматпен оқытуды бастайды.

«Алматыдағы De Montfort University-дің алғашқы түлектері келесі жылы оқуды бітіреді. Сондай-ақ, 16 қыркүйекте Астанада британдық Coventry University үлкен кампусы ашылады. Бұдан бөлек, Түркістан қаласында оңтүстіккореялық Вусонг университетінің кампусы ашылады. Осы үш шетелдік университеттің ерекшеліктері — оны бітірген түлектер британ, кәріс дипломын алып, сол елдерде толыққанды жұмыс істей алады», — деді министр.