Қазақстанда тағы бір облыста карантин жеңілдетіледі

0
580

​Қостанай облысында 500 шаршы метрге дейінгі азық-түлікке жатпайтын дүкендердің жұмысына рұқсат беріледі.


Қазақстанда тағы бір облыста карантин жеңілдетіледі

ERNUR.KZ. Келесі аптадан бастап Қостанай облысында карантин шаралары жеңілдетіледі. Коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі шұғыл штаб осындай шешім қабылдады, деп жазады Sputnik Қазақстан.

Ресми мәліметке сәйкес, аймақтағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдай жақсарып келеді. Осыған байланысты шұғыл штаб 10 тамыздан бастап карантиндік шектеулерді жеңілдетуге болады деген шешімге келді. Бірақ қазіргі оң динамика сақталуы керек.

Штабтың шешіміне сәйкес, 500 шаршы метрге дейінгі азық-түлікке жатпайтын дүкендердің жұмыс істеуіне рұқсат беріледі. Ал ауданы одан үлкен дүкендер әзірше "клиентке жеткізу" форматында істей береді.

Бұдан бөлек, саябақтар және сол жерде орналасқан сауда орындары ашылады. Аттракциондар, балалар алаңдары, батуттар, велосипед және балалар ойыншықтарын жалға беру қызметі жұмыс істемейді. Ал саябақтың аумағына бір үйдің адамдары болмаса, үш адамнан артық топтасып кіруге болмайды. Адамдардың арасындағы арақашықтық сақталуы шарт.

Облыс бойынша қоғамдық көліктің жұмысы таңғы сағат 06:00-ден кешкі 21:00-ге дейін шектеледі. Ал бизнес нысандары тек карантин шаралары қатаң сақталған жағдайда ғана жұмыс істейді. Ол үшін арнайы бақылау топтары үш күннің ішінде тиісті талаптарды сақтау жағын тексеріп шығады.

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтың айтуынша, бизнес нысандары кезең-кезеңімен ашылады. Шұғыл штаб отырысы бойынша бас санитар дәрігердің қаулысына өзгеріс енгізіледі.

Айта кетейік, бұған дейін Алматы және Қарағанды облыстарында карантин шаралары жеңілдетілген болатын. Ал Ақмола облысы бойынша Бурабай мен Зерендіде суға түсуге рұқсат берілді.