Бұл көрсеткіш өткен жылдан бері азайған.
ERNUR.KZ. Еліміздегі жұмыссыздық деңгейі қандай? Азаматтарды бұл санатқа жатқызудың қандай тәртібі бар? Бұл сауалдарға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ержан Біржанов жауап берді, деп жазады ҚазАқпарат.
«Жұмыссыздарға қазіргі сәтте еңбек келісімшарты жоқ, жұмыс іздеп жүрген және жұмысқа кірісуге дайын тұлғалар жатады. Ұлттық статистика бюросы жүргізген сараптама негізінде бүгінде Қазақстанда 451 мың жұмыссыз адам тіркелген. Пайызға шағар болсақ, бұл жалпы жұмысқа қабілетті тұрғындардың 4,9 пайызын құрайды. Егер өткен жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырар болсақ, жұмыссыздық 2,6 мың адамға қысқарды. Өткен жылғы бұл көрсеткіш 5 пайызды болған», - деді ол.
Вице-министрдің айтуынша, бұл жайт постпандемиялық кезеңнің өткендігін, экономика біртіндеп қалпына келе бастағандығын және адамдар жұмыстарына қайта кіріскендігін білдіреді.
Сонымен қатар ол азаматтарды жұмыссыздар санатына жатқызудың екі тәртібі бар екендігін алға тартады.
«Біріншісі статистика органдарының сұрау салуына сәйкес. Бұл халықаралық тәжірибе әрі барлық елде қолданылады және Халықаралық еңбек ұйымы ұсынған. Яғни, статистика органдары сұрау салу жүргізеді және әрбір кеңеңде цифрларды енгізеді. Көрсеткіш – 4,9 пайыз. Бұл статистика органдарының мәліметі. Сонымен қатар ведомстволық статистика бар. Бұл біздің қызмет көрсету орталықтарымызға - Жұмыспен қамту орталықтарына келіп тіркелетін тұлғалар туралы дерек. Бүгінде олардың саны 223 мың адам», - деді Ержан Біржанов.
Оның атап өтуінше, Жұмыспен қамту орталықтарында жұмыссыз ретінде тіркелу үшін жеке куәлік қана керек. Бүгінде бұл процедураны онлайн режимде де жүзеге асыруға болады.