Елімізде 78 қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде 37 мыңнан астам сотталған жазасын өтеп жатыр.
ERNUR.KZ. Қазақстанда 78 қылмыстық-атқару жүйесі мекемесі жұмыс істеп тұр. Бұл туралы ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Теңізжан Жәнібеков айтып берді, деп жазады inform.kz.
«Соңғы 4 жылда түрмедегі адамдардың саны 7 мыңға жуық өсті. Бұл бөтеннің мүлкін ұрлау, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық, мал ұрлығы және жол-көлік оқиғалары саласындағы заңнаманың қатаңдатылуына байланысты», - деді комитет төрағасы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, елімізде 78 қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде 37 мыңнан астам сотталған жазасын өтеп жатыр. Оның ішінде 3 мыңға жуығы әйелдер және 50-ден астам кәмелетке толмағандар бар. Атап өтерлігі, 37 мың тұтқынның 93%-ы ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін сотталған адамдар. Бұл ретте сотталғандардың 45%-ы бұрын қасақана қылмыс жасағаны үшін сотталған адамдар.
«ҚАЖК қоғамның ең күрделі санатымен жұмыс істеп жатыр. Осыған қарамастан, жалпы мекемелерде жедел жағдай тұрақты және бақылауда. Қамаудағы әр адаммен психологтар мен мекемедегі әртүрлі қызметтер кешенді жұмыс жүргізеді», - деді Т.Жәнібеков.