Қазақстанда жергілікті полиция қызметі таратылады

0
295

Заң жобасы "Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шаралар туралы" 2022 жылғы 13 сәуірдегі Президент Жарлығын іске асыру мақсатымен әзірленген.


Қазақстанда жергілікті полиция қызметі таратылады

Фото: Ішкі істер министрлігі

ERNUR.KZ. Мәжіліс ішкі істер органдарының қызметі саласындағы нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері бойынша заңнамалық түзетулер жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп жазады stan.kz.

Заң жобасы "Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шаралар туралы" 2022 жылғы 13 сәуірдегі Президент Жарлығын іске асыру мақсатымен әзірленген.

"Түзетулерге сәйкес "жергілікті полиция қызметі" ұғымы алып тасталады. Бұл 2016 жылы құрылған жергілікті полиция қызметі өз тиімділігін іс жүзінде дәлелдей алмағанымен байланысты. Жергілікті полиция қызметі құрамында учаскелік инспекторлар, патрульдік, ювеналды, табиғатты қорғау полициясы және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшелері болған. Алайда заң жобасын әзірлеушілердің айтуынша, бұл қызмет өзіне жүктелген негізгі міндеттерді, яғни, қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етудің орнына, абаттандыру ережелерінің бұзылуын анықтау, құрылыс қалдықтарын шығару сынды екінші кезектегі жұмыстармен айналыса бастаған", – делінген мәжілісте.

Ішкі істер министрлігі жергілікті полиция қызметі мен Әкімшілік полиция басқармасын қайта ұйымдастырып, олардың базасында екі жаңа басқарма – құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету басқармаларын құруды ұсынып отыр. Әр қызмет өзінің тікелей міндеттерімен айналысады.

Сонымен қатар көлік полициясы бөлімшелерін ретке келтіру мақсатымен "желілік" деген терминді "көлікте" деп өзгерту ұсынылды. Ал әскери-тергеу органдары ішкі істер органдарының аумақтық құрылымынан алып тасталады. Себебі олар ішкі істер министрлігі құрамындағы дербес бөлімше ретінде бөлінген.

Сонымен қатар әкімшілік қамауға алынғандарды (әртүрлі құқықбұзушылықтар, сот актілерін, алиментті орындамау және тағы басқалары) ұстауға арналған арнайы қабылдау орындарында орын жетіспеушілігіне байланысты, заң жобасында оларды уақытша ұстауға арналған қабылдау-бөлу орындарында (тұрақты мекенжайы жоқ адамдарға арналған) ұстау тәртібі де қарастырылған. Жалпы 16 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

Еске салайық, бұған дейін елімізде кассациялық соттар үшін 1 шілдеден бастап жаңа ведомоство пайда болатынын жазған едік. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда кассациялық соттар департаментін құру туралы жарлыққа қол қойды. Дәл осы қаулымен Жоғарғы Сот жанындағы сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияның құрамы да өзгертілді. Бұрын оның құрамында жеті адам болған – үш облыстық сот судьясы, үш Жоғарғы соттың судьясы және бір отставкадағы судья. Енді олардың қатарына кассациялық соттың екі өкілі қосылды.