Биыл жергілікті жолдар желісін дамытуға 119 млрд теңге қарастырылған.
ERNUR.KZ. Еліміз бойынша жолы нашар аймақтар белгілі болды, деп жазады Stan.kz.
"Жергілікті автожолдар желісін дамытудың маңызы зор. Жергілікті жолдар ұзындығы 71 мың шақырымды құрайды. Атқарылған жұмыстар есебінен өткен жылдары жергілікті жолдардың 75 пайызы нормативтік жағдайға келтірілді. Бүгінде өңірлер арасындағы облыстық және аудандық жолдардың жағдайы әртүрлі. Мәселен, Батыс Қазақстан, Атырау және Ақтөбе облыстарында көрсеткіштер ең төмен. Маңғыстау, Жамбыл, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Алматы, Қарағанды, Түркістан облыстарының жол желісін жақсарту және тепе-тең қаржыландыру қағидатын сақтау жөніндегі жұмыстарын атап өткім келеді", - деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов Үкімет отырысында.
Министрдің мәлімдеуінше, биыл жергілікті жолдар желісін дамытуға 119 млрд теңге қарастырылған.
"Бөлінген қаражат есебінен жол жөндеу жұмыстарының барлық түрімен 1,3 мың шақырым жол қамтылады Жергілікті атқарушы органдармен бірге жергілікті маңызы бар жолдар желісінің жағдайын жақсарту бағытында пәрменді шаралар қабылданады. Жолдарды жөндеу жұмыстарының сапасына және олардың жағдайын диагностикалауға ерекше назар аударылады. Былтыр республикалық және жергілікті жолдарды жөндеу нысандарында 810 бұзушылық анықталды", - деді ол.
Сондай-ақ, Атамқұлов биыл республикалық және жергілікті желілер бойынша жол-құрылыс жұмыстары толық сапа сараптамасымен қамтылатынын айтты.